Қазақстанда "Рамазан" және "Ораза" есімді қанша адам бар
Stan.kz тілшісі Рамазан айына орай елімізде осы қасиетті айдың құрметіне қойылған есімдер қаншалықты жиі кездесетінін білуді жөн көрді.
Фото: Stan.kz/chatgpt.com көмегімен жасалған
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, Қазақстанда "Рамазан" есімді 43 726 адам тұрады. Осы ретте 1 жастағы 1 353 адам, 25 жастағы 271 адам, 50 жастағы 58 адам бар екені анықталды. Ал "Рамадан" есімді азаматтар саны – 232. Мұнда 1 жастағы 8 сәбиге осы есім қойылған.
Сонымен қатар елімізде "Ораза" есімді 45 адам бар екені белгілі болды. 380 қызға "Оразгүл" есімі берілген. Ең қызығы, "Оразкүл" есімділер елімізде 716 екен. Бұдан бөлек "Ораз" есімді 1 351 адам тұрады.
Айта кетейік, жыл сайын ораза кезінде "Рамазан" есімі жаңа туған нәрестелер арасында ең танымал есімдердің бірі болады. Еске салайық, 2023 жылдың наурыз айында 530 нәрестеге "Рамазан" есімі берілсе, сәуір айында бұл көрсеткіш 836-ға жеткен.
Рамазан – мұсылман елдерінде, соның ішінде Сауд Арабиясы, Түркия, Қазақстан, Әзірбайжан, Абхазия, Қырғызстан және Ресей Федерациясының бірнеше аймақтарында (Шешенстан, Дағыстан, Ингушетия, Қабардин-Балқария, Татарстан, Башқұртстан) кең таралған ер адамның есімі.
Бұл ерекше әрі көркем есім араб тілінен шыққан. Рамазан немесе Рамадан – мұсылмандық ай күнтізбесіндегі тоғызыншы айдың атауы. Қасиетті жазбаларға сай, бұл сөз көне араб тілінде "күйдіруші", "отты", "ыстық" деген мағынаны білдіреді. Себебі дәл осы кезеңде Араб түбегінде аптап ыстық басталып, барлық өсімдікті қуратады. Мұсылмандар арасында осы қасиетті айда дүниеге келген ұл балаларға Рамазан есімін беру дәстүрі бар. Әр жылы ораза кезінде Рамазан есімі жаңа туған нәрестелер арасында ең танымал есімдердің қатарына кіретінін атап өткен жөн.
Дінтанушы Әл-Фараби Болатжан қазір діннің рөлі күшейген сайын қоғамда оның көріністері де айқынырақ байқала бастағанын айтты. Ол мұны арабша есімдердің көбеюімен байланыстырып отыр.
"Бұл әсіресе діни терминологияны қолдану мен есімдерді жазу, айту мәнерінде де көрінеді. Соның ішінде "Рамазан" және "Ораза" сөздеріне қатысты пікірталас жиі кездеседі. Негізінен, "Ораза" сөзі – парсы тілінен енген, ал оның арабша атауы "саум" (сыйям) деген мағына береді. Қазақ тіліне аударғанда, ол "тыйылу" деген мағынаны білдіреді. Ал "Рамазан" сөзі араб тіліндегі "Рамадан" сөзінен шыққанымен, қазақ тілінде ұлттық фонетикаға икемделіп қолданылып келеді. Сондықтан "Рамазан" деп атау қазақы тілдік дәстүрге жақын болса, "Рамадан" нұсқасы таза араб фонетикасына негізделген және арабизацияның көрінісі", – деді Әл-Фараби Болатжан.
Әл-Фараби Болатжан кейбір діндар азаматтар араб тіліндегі түпнұсқалық дыбысталуын сақтау дұрысырақ деп есептейтінін алға тартады.
"Бұл үрдіс есімдерге де әсер етіп жатыр: Мұхамметтің орнына – Мұхаммад, Ахметтің орнына – Ахмад деген нұсқаларды таңдаушылар көбейіп келеді. Әрине, әр адам өз баласына қандай есім қоятынын өзі шешеді, бұл – оның құқығы. Біз құқықтық мемлекет болғандықтан бұған тыйым сала алмаймыз. Дегенмен жеке пікірім: қазақ тілінің табиғатына сай қалыптасқан сөздерді шет тілдік транслитерациялау арқылы қайта өзгерту дұрыс үрдіс емес. Қазақ мәдениеті мен тілі ғасырлар бойы өз ерекшеліктерімен дамып келеді. Сондықтан өзімізге сіңісті болып кеткен діни және басқа да кірме сөздерді қазақы нұсқада қолдану тіліміз бен ұлттық болмысымызды сақтаудың бір жолы деп санаймын", – деді дінтанушы Әл-Фараби Болатжан.