Ораза кезінде қалай тамақтану керек: Мамандардан кеңес

Денсаулық сақтау министрлігі ораза кезінде денсаулыққа зиян келтірмей, дұрыс тамақтану жөнінде кеңес берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ведомство мәліметінше, Рамазан айында тамақтану, ұйқы және физикалық белсенділік тәртібі өзгереді. Сондықтан энергияны сақтау және асқынудың алдын алу үшін ағзаға әсер ететін барлық факторды ескеру өте маңызды.
Министрлік мамандары ауызашар мен сәресі арасындағы уақытта су ішудің маңызын еске салды. Кешкі және түнгі уақытта суды аз-аздан, бірнеше рет ішкен дұрыс.
Сондай-ақ ауызашар кезінде, асты баяу әрі жеке қажеттіліктерге сәйкес мөлшерде ішу қажет. Бұл асқазандағы
ауырлықты және қыжылдың алдын алуға көмектеседі.
Мамандар тамақты теңгерімді тұтынуға және “баяу сіңірілетін” өнімдерге басымдық беруге кеңес берді – олар энергияны ұзақ уақытқа береді. Оларға күрделі көмірсуларға бай өнімдер жатады, мәселен дәнді дақылдар (арпа, сұлы, бидай), бұршақ дақылдары, өңделмеген күріш және басқалары. Ал тәтті, тұз және майлы тағамдарды шектеп, оның орнына қарбыз, қауын (маусымдық жемістер) секілді суы көп жемістерді таңдаған орынды.
Бұған қоса, күнді белсенді өткізуге және кешкі уақытта қозғалысты азайтпай, керісінше, күнделікті серуенге шыққан жөн.
Тағы бір ескеретін жайт – үнемі сәресін ішу. “Ол күн бойы энергияны сақтауға және әлсіздік пен бас айналудың қаупін азайтуға көмектеседі”, – деп ескертті министрлік.
“Рамазан – денсаулыққа көңіл бөлуге және темекіден бас тартуға алғашқы қадам жасауға тамаша уақыт. Ораза әдеттерді бақылауға көмектеседі және тоқтауға жеңілдік береді”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін исламтанушы Рамазан айында неден тыйылу керегін айтқаны хабарланған еді.
"7 миллиард теңгеге жуық": Алматы әкімін қамтамасыз етуге премьер-министрден көп қаржы жұмсалады