Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оралда үш жігіт әскери комиссариаттағы терезеден секіріп қашпақ болған: Біреуі құлап жарақат алды

1 желтоқсанда Оралда 19 жастағы Мейрамбек Сафиуллиев есімді жігіт екі досымен бірге әскери комиссариатқа шақырылған. Туыстарының сөзінше, ол бұрын ешқандай шақыру алмапты. Сондықтан ол әскери қызметке моральдық және психологиялық тұрғыдан дайын болмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Мой город" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: t.me/kriminal_kazakhstan

Мәліметтерге сенсек, Мейрамбек Сафиуллиев әскери комиссариаттан қашып шығуға тырысып, төсегіне байланған төсеніш арқылы секіруге талпынған. Алайда жігіт құлап, салдарынан омыртқасын сындырды. Қазір аурухана емделіп жатыр. Оған операция жасалуы қажет және болашақта мүгедектік мәселесі туындауы мүмкін дейді ағасы Нұрхат Әбілғазиев.

"Түнде оларды үшінші қабаттағы ұйықтайтын бөлмеге орналастырдық. Онда оларды таныс емес бір жігіт қашуға үгіттей бастаған. Ол әкесі бай адам екенін, олардың орнына айыппұл төлейтінін айтып алдапты. Алайда ол шын мәнінде аспаз болып шыққан. Түнде ол төсенішті төсегіне байлап, төмен түсе бастайды. Одан кейін Мейрамбектің досы, сосын екінші досы жүреді. Достарының кеткенін көрген соң, Мейрамбек те төмен түсуге тырысады. Бірақ төсеніштер салмаққа шыдамай, ол үшінші қабаттан тікелей асфальтқа құлап түскен. Достары оны көтеруге тырысқан, бірақ ол тұра алмай қалды. Өз денесін сезбеген", – деді жігіттің ағасы Нұрхат Әбілғазиев.

Ағасының айтуынша, бөлмеде қалған жігіттер кезекшіні шақыра бастаған. Алайда қашыңдар деген жігіт сол уақытта бөлмеде болмай шыққан. 

"Ол тек жарты сағаттан кейін келген. Шын мәнінде, әлгі аспаз коридорда болуға тиіс еді. Сонымен қатар қашқан ұлдарының бірінің анасы ұлының қашуы туралы білген және кезекшіге бірнеше рет ескерткен”, – деді бауыры.

Туыстарының айтуынша, Мейрамбек ұзақ уақыт бойы асфальтта жатты. Жігіттің денесі жерде жата бергеннен салқындаған, бұдан қалды омыртқасын да сындырып алған. Осыған байланысты ол дәретке отыра алмайды. Оған дереу ота жасалмаса, мүгедек болып қалу қаупі бар дейді бауыры. 

Нұрхат Әбілғазиев бауырының әрқашан әскерде қызмет етуді армандағанын айтады. Туыстары әскери комиссариат қызметкерлерінің өз міндеттеріне немқұрайлы қарағанын айыптайды.

Басқа деректерде Мейрамбектің досы Әли Бейбіт те сол кеште онымен бірге болған. Екеуі, әуел баста, армияда қызмет етуді жоспарлағанын айтады. Досы да аспаз жігіттің көптеген адамды қашуға үгіттегенін есіне алады. Сол жігіттің сөздеріне сеніп, үш досы да соңынан еріп кетпек болған. Әли бірінші болып терезеден сәтті секірген. Екіншісі секіріп жатқанда төсеніш жыртыла бастаған. Бірақ ол жерге дұрыс секіріп үлгерген. Олар Мейрамбекке секірмеуін айтқан, бірақ ол естімей, соңынан түсіп құлап кеткен.

"Біз оны көтеріп алдық, бірақ ол өз аяғымен тұра алмады. Мейрамбек жедел жәрдем шақыруды сұрап, бізге кетуіміз керек екенін айтты. Біз сасқан күйде қашып кеттік. Қақпадан секіргенде мен құлап, қолымды сындырып алдым, — деді Әли Бейбіт.

Әлидің айтуынша, терезелердегі торлар әзер тұрды, жігіттерге оны шығару үшін ерекше күш қажет болмаған. Әлидің бауыры Нұрсұлтан Жұмагелді терезелердегі жыртылған төсеніштер мен сынған тор үшін материалдық шығынды өтей алатынын айтты.

Батыс Қазақстан облысы әскери істер департаменті 2023 жылы жігіттің оқуын аяқтағанын және 1414 байланыс нөмірі арқылы әскери шақыруды алғанын хабарлады. 

"Оқуды бітірген соң, "Әскери қызмет туралы" заңға сәйкес, оның әскери қызметті кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ. Шақыруды алғаннан кейін ол жергілікті әскери басқару органы шақыруына бармады. Шақыруды жеке жеткізу мүмкін болмаған жағдайда шақырылған азаматтың келуін қамтамасыз ету ішкі істер органдарына жүктеледі. 30 қараша күні шамамен 17:00-де полиция қызметкерлері оны облыстық жинау пунктіне жеткізді. Оған психологиялық немесе моральдық қысым көрсетілмеді”, — деп мәлімдеді әскери істер департаменті.

Әскери істер департаментінің дерегінше, түнде жігіттер әскерге шақырудан жалтару үшін ұйықтайтын бөлмеде тоғыз төсенішті бір-біріне байлап, қашуға әрекет жасаған. Осы кезде олар жақында ғана әкімдіктен орнатылған темір торды бұзып кеткен. Мейрамбек Сафиуллиев құлап, жерге түскен. Оның қасындағы үш басқа шақырылушы да қашып кетіп, оны жалғыз қалдырған.



"Зардап шеккен жігітті жедел жәрдем көлігі алып кетті. Кеше департамент басшысы мен медициналық қызметтің басшысы арнайы ауруханаға барып, шақырылушының жағдайын біліп, емдеуші дәрігерлермен сөйлесті. Қазір әскери істер департаменті полиция бөліміне Қылмыстық кодексінің 387-бабы "Әскери қызметке барудан жалтару" бойынша қылмыстық іс қозғау туралы өтініш жіберді. Қазір тергеу жүріп жатыр. Біздің болжамымыз бойынша оған 3 000 айлық есептік көрсеткіш (11 076 000 теңге) мөлшерінде айыппұл немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Бірақ бұл – тек біздің болжамымыз. Бәрі тергеуге байланысты. Қашып кеткен үш шақырылушы қайтадан жинау пунктіне оралды. Ал оқиға болған кезде кезекшілікте болған қызметкерге қатысты ішкі қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Оның кінәсі де анықталады", – деп хабарлады департамент.

Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысы Төлеби ауданы Тағайна ауылының 18 жастағы тұрғыны Бехруз Равшанбеков биыл сәуір айында Шымкенттегі әскери комиссариаттың екінші қабатының терезесінен қашамын деп секіріп, жарақат алды. Бозбаланы қабылдау бөлімінің қызметкерлері күштеп ұстап әкеткен. Сондай-ақ жігітті ұстап әкеткен қызметкердің іс-әрекетінде қылмыстық кодекстің 126-бабында (Адамды оны ұрлауға байланысты емес бас бостандығынан заңсыз айыру) көрсетілген қылмыстың бар екені дәлелденді. Бехруздың әкесі әлеуметтік желідегі видеодан әскерилердің ұлынан бостандығы үшін ақша бопсалағанын мәлімдеді. 

Талқылау