Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оралда полицейлер бойжеткенді жаяу жүргіншілер өткелінде көлікпен қағып кеткен (видео)

Орал қаласында полиция қызметкерлері патрульдік көлікпен қызды қағып кетті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Оқиға жаяу жүргіншілер өткелінде орын алған. Жарақат алған қызды жедел жәрдем қызметі ауруханаға жеткізіпті. 

Жол оқиғасы жайлы Айболат Бөкенов есімді блогер Facebook желісіне жариялаған. Блогер куәгерлердің жіберген видеосын әлеуметтік желіге жүктеп, астына оқиғаның «Молодежная» аялдамасының маңында болғанын, жеткіншек қызды тәртіп сақшыларының көлігі қағып кеткендігін жазып қалдырған. Айтуынша, көлік тізгіні полиция лейтенанты Ренат Баймұқашев қолында болыпты. 

Алайда, оқиға орын алған жерден табылған Айболат Бөкеновты тәртіп сақшылары ПД-нің басшысы Махсұдхан Әбләзімовтың бұйрығымен ұстап алып кеткен. 

"Генерал өз қолымен менің смартфонымды алып, ішіндегі видеоларды өшіріп тастады. Содан кейін ол қол астындағы қызметкерлеріне мені мас деп, наркологияға жеткізуді талап етті", - дейді Айболат Бөкенов. 

БҚО-дағы полиция департаментінің баспасөз қызметінде жарақаттанған қыздың аурухана жатқызылғанын, ал кінәлі адамның заң жүзінде жазаланатынын айтты.

"Биылғы жылдың 18 қарашасы, сағат 22:30-да, Орал қаласындағы Жәңгірхан - Брусиловский көшелерінің қиылысында патрульдік қызметтің инспекторы, полицияның аға лейтенанті автокөлік айдап келе жатып жаяу жүргіншіні, яғни Оралда тұратын 1998 жылғы бойжеткенді қағып кетті. ЖКО нәтижесінде жаяу жүргінші түрлі дене жарақаттарын алып, қалалық аурухананың травматология бөліміне жатқызылды. Қазіргі уақытта полиция қызметкеріне қатысты ҚР ҚК 345- бабы (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталып кетті", — деп хабарлады.  

 

Талқылау