Оралда мешітте ұрлық жасаған ұрыға қатысты сот үкімі шықты
Атырау қаласының 25 жастағы тұрғыны Қуандық Қалиев мешітке келушілердің қалтасына түскені үшін сотты болды. Ол жарты миллион теңге көлемінде ақша ұрлаған. Бұған дейін ер адам ұрлық үшін сотталып, амнистияға ұшыраған екен.
Бұл туралы «Уральская неделя» басылымына сілтеме жасап Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Атырау тұрғыны Қуандық Қалиев Оралдағы мешітке келушілердің қалтасын қағумен айналысқан. 25 жастағы ұры жігіт жаман ойын Оралдағы екі мешітке келушілерге арналған әжетханада жүзеге асырыпты. Яғни келушілер жуынып-шайынып, намаз оқуға кеткенде бұл олардың сырт киімдерінен ақша ұрлаған. Аспай-саспай әрекет еткеніне қарағанда, бейнебақылау камерасының бар екенін білмесе керек.
Екі айдан тергеу амалдары жүргізілгеннен кейін Қуандық Қалиев сот алдында жауап берді. Сот оны ҚР ҚК 188-бабы (Ұрлық) және 191-бабы (Тонау) бойынша кінәлі деп танып, 3 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығынан айырды.
«Қалиевке ҚР ҚК 191-бабына сәйкес 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Және тараптардың мәсілеге келуіне байланысты, ҚР ҚК 188-бабына сәйкес тағайындалған жазадан босатылсын. Бұған дейін жасаған қылмысы үшін 2 ай мерзім қосылсын», – дейді сот төрағасы Руслан Жұмағұлов.
Сот төрағасының сөзінше, 25 жастағы Қуандық Қалиев бұған дейін амнистияға байланысты жазадан босатылып, бақылауға алынған. Алайда ол бақылауға қарамастан, «жеңіл» ақша табу үшін Атыраудан Оралға кетіп қалыпты. Мұнда ер адам иманды жанның кейпіне еніп, мешітке келушілердің қалтасына түсіп, жалпы сомасы 303 мың теңге ұрлаған.
Сондай-ақ, ол «Орал-Атырау» тас жолында жолаушыны ұрып-соғып, тонап кеткен. Ол жолаушының телефоны мен 185 мың теңге ақшасын тартып алыпты.
Сотқа дейінгі тергеу амалдарының барысында айыпталушының туыстары зардап шегушілердің барлығына ақшасын қайтарып берді. Нәтижесінде зардап шегушілер Қалиевті кешірді.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Оралда мешітке келушілердің ақшасын жымқырумен айналысқан ұры ұсталғаны хабарланған еді.
Оқи отырыңыз:
ШҚО-да 3 баланың анасы із-түзсіз жоғалып кетті
Сал ауруына шалдыққан 12 жасар қыздың өлеңі елді жылатты (видео)
Қазақ жазушысының немересі: Қазақтар британдықтарға қарағанда шыншыл