Оралда дәрігерлер науқастарды емдеудің орнына жалақыларын беруді талап етіп, бас көтерді
Оралда ақ халаттылар бірнеше айдан бері жалақысыз жүр. Басшылықтың күнде ертең деген ертегісінен шаршадық деген жандар қосымша жұмыс үшін төленетін үстемақыдан да қағылдық деп отыр. Ал аурухана директорының айтар өз уәжі бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скриншот
Облыстық аурухананың дәрігерлері барлық жұмысты тоқтатып, талабын айтуға жиналды. Себебі, медицина мамандары бірнеше айдан бері жалақыға қол жеткізе алмай жүр. Ақ халаттылар қаржыдан қысылып, қадіріміз қашты деп қынжылады.
“Негізі медициналық ұйымда жалақыны 20 мен 28 аралығында береді ғой. Ал бізде кешіктіреді. Бұл бірінші рет емес. Біз шаршадық, несие, бала-шаға бар. Ақшамызды берсін. Қарызға сұрап отырған жоқпыз. Бұл біздің еңбегіміз”, – дейді дәрігер Ақгүл Бұқарова.
Емдеу мекемесінің қызметкерлері қосымша сағаттар үшін үстемақы да төленбеді деп отыр. Оған қоса, өзге медицина мекемелерінде еңбекақы көтерілгенде біз назардан тыс қалдық, дейді шағымданушылар. Сол кезде жанайқайын жеткізген мамандар басшылықтан қысым көргендерін жеткізді.
“156 сағаттан асырып қосымша жұмыс істеген кездер болды. Бірақ ол қызметімізге көк тиын төленбеді. Тіпті еңбек демалысының ақысы да берілмейтін. Бұған дейін басқа салада жұмыс істедім, бірақ айлықты уақытында толық алып жүрдім. Мұндағы жағдай мүлдем басқаша”, – деп қосты дәрігер Каролина Мальченко.
Өз құқықтарын айтып, адал ақыларын сұраған дәрігерлерді аурухана басшысы сабырға шақырды. Басшы келесі аптада жалақы дауына нүкте қоямын деп сендірді.
“Біз тұрғындарға қосымша ақылы қызмет көрсетеміз. Содан түскен қаржыға мамандарымыздың жалақысын, науқастардың дәрі-дәрмегі мен тамағын, содан кейін коммуналдық қызмет ақысын төлейміз. Бюджеттен бөлінген ақша жеткіліксіз болғасын, әзірге уақытында есептесе алмай жатырмыз. Жеткізушілерге де қарызымыз бар”, – деді БҚО жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Надия Ахметова.
Айлыққа қол жеткізе алмай, салы суға кеткен жоғары білікті мамандар директор өз уәдесінде тұрмаса құзырлы органға шағымдануға бекініп отыр.