Оралда аулада ойнап жүріп күйік шалған 8 жасар бала көз жұмды
Фото: depositphotos.com
Оралда аулада ойнап жүріп күйік шалған 8 жасар бала ауруханада көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Надежда” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 10 тамыз күні шамамен 16:30-да Қонаев шағын ауданында болған. Аулада ойнап жүрген балалар автокөліктің жанында тұрған канистрді өртеп жіберген. Сол сәтте көлікті бір ер адам жөндеп жатқан. Куәгерлердің айтуынша, канистр жарылып, балалардың бірінің киімі өртеніп кеткен. Сегіз жастағы баланың денесінің 95% ауыр күйік шалған.
Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы баланың алған жарақаттарынан 17 тамыз күні ауруханада көз жұмғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ әлеуметтік желілерде полицияның қылмыстық істі тоқтатқандығы туралы ақпарат тарады.
"Полиция істі қылмыс құрамының болмауына байланысты жапты. Бұл шешім бір-екі баладан және оқиғаны жоққа шығарып отырған жүргізушіден алынған жауаптардың негізінде қабылданған", – делінген желіде тараған ақпаратта.
Жазба авторы полиция қызметкерлерінің әрекетіне наразылық білдірген.
"Мен біздің полиция қызметкерлерінің дұрыс жұмыс істемегенін атап өткім келеді. Олар бензин құйылған канистрді жүксалғышқа қойып, жүксалғышты арқанмен байлап кеткен жүргізушіні жауапқа тартпады. Қарасаңыз, жүргізушілерге тіпті көшеде кілемшелерін қаққаны үшін айыппұл жазып жатады, ал мұнда қауіпті жағдай болды", – делінген жазбада.
Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті әзірге жағдайға қатысты мәлімдеме жасаған жоқ.

"Желке сүйегін алып тастады": Астанада тұрғын үй кешенінің ауласында кішкентай қыздың үстіне футбол қақпасы құлаған
