Оңтүстіктегі мұнай ұрлығына лауазымды шенеуніктердің қатысы болуы мүмкін
Ұйымдасып мұнай ұрлағандардың тағы бір тобы Оңтүстік Қазақстан облысында қолға түсті. Бұл жолы да құбырды тесіп, қара алтынға қарық болғандарды ұстау үшін арнайы операция жүргізілген. Ұлттық қауіпсіздік комитеті, полиция мен прокуратураның біріккен жасағы құрықтау шарасын бір мезетте бес жерді өткізіпті. Миллиардтар айналып жатқан қылмысқа құқық қорғау органдарының шенді өкілдерінің де қатысы болуы мүмкін, деп хабарлады КТК арнасы.
Құқық қорғау органдары әдетте арнайы операциядан соң бұлайша жеделтетіп ақпарат бермейтін. Бұл жолы іс-шара аяқтала сала тілшілерді шақыртты. Мұнай құбырын тесіп қара алтынды ұрлап келгендерді жарты жылға жуық бақылап, бүгін жаппай ұстаған прокурор, ұлттық қауіпсіздік қызметі мен ішкі істер департаментінің арнайы жасағы мұнайға қырғидай тиген 13 адамды ұстапты.
Құқық қорғау органдарының біріккен арнайы операциясы облыстың бес жерінде бір мезетте өткізілді. Прокуратураның мәліметінше, құбыр тесуге арналған құрал-сайманынан бөлек тіпті цистерна жалғанған жүк көлігі бар қылмыстық топ Созақ, Ордабасы аудандары мен Шымкент аумағынан өтіп жатқан «Павлодар-Шымкент» мұнай құбырынан шикізат ұрлапты. Ал қара алтынды оңай олжалауды жыл басында бастаған.
“Үлкен қысым болғаннан кейін құбырдың басына сорғы кигізеді. Сосын оны жауып үстінен қайта көміп тастайды. Керек кезде ашып құбырды соған жалғайды. Мұнайды базаға жинап сата береді”, – дейді ОҚО арнайы прокурорлар басқармасының бастығы Асқар Алтыбаев.
Қылмыстық топтың қаншалықты залал келтіргенін әзірге нақты айту, әрине, мүмкін емес. Ұрланған мұнайдан бөлек, құбыр мен табиғатқа келген зиян тағы бар. Ал жоғары қысымда тұрған құбырдан өрт шықса тіпті адам шығыны да болуы мүмкін еді. Ұсталғандардың арасында сол мұнай өтіп жатқан құбырды күзетуі тиіс «КМГ-Секьюрити» компаниясының бірнеше қызметкері бар екен.
“Үш асфальт зауытына сатқан. Осы біздің облыста. Тағы басқа да облыстарға сатқан деген мәліметтер бар”, – дейді ОҚО арнайы прокурорлар басқармасының бастығы Асқар Алтыбаев.
Ұрланған мұнайды еш қымсынбастан алып келген асфальт зауытының әзірге бір директоры шатылып жатыр. Жалпы, ұсталған 13 адамның әзірге 5-уі қамауға алынып, тергеу жүргізілуде.
Үш бап бойынша қылмыстық іс қозғаған арнайы прокуратура енді ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірге келтірілген шығын көлемін есептеп жатыр. Ұзақ уақыт ешқандай үрейсіз қылмыс жасап келген топқа құзырлы мекеме өкілдерінің де қолдау көрсетуі мүмкін деген күдік бар. Сондықтан қылмыстық топ мүшелерінің саны әлі де артуы ықтимал.