Оңтүстік Кореяның тергеушілері президент Юн Сок Ёльды тұтқындай алмады
Оңтүстік Кореяның сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюросы әскери жағдай енгізу әрекетінен кейін биліктен шеттетілген президент Юн Сок Ёльды ұстай алмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Yonhap басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Yonhap
3 қаңтар күні таңертең 20 тергеушіден тұратын топ 80 полиция қызметкерімен бірге Оңтүстік Корея президентінің Сеулдегі резиденциясына барды. Бірақ белгілі бір әскери бөлім олардың жолын бөгеді.
Әскерилер тергеушілерді өткізгеннен кейін қауіпсіздік қызметі Юн Сок Ёльды тұтқындауға рұқсат бермеді.
Сондай-ақ президенттің 1000-нан астам жақтастары импичмент туралы шешімнің күшін жоюды талап етіп, резиденцияның сыртында тұрды. Тәртіпті сақтау үшін оларды 2700 полиция қызметкері қоршап алды.
Тергеушілер ақырында, "жалғасып жатқан жанжалға" және "қауіпсіздік мәселелеріне" байланысты тұтқындау туралы ордердің орындалуын тоқтату туралы шешім қабылдады.
"Заңда белгіленген тәртіпті сақтаудан бас тартқан күдіктінің әрекетіне қатты күйініп тұрмыз", – деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюро.
Президентті қамауға алу ордері 31 желтоқсанда шығарылып, 6 қаңтарға дейін жарамды деп танылды. Бұған дейін Юн Сок Ёль үш рет жауап алуға шақыруды елемеген.
Құқық қорғау органдары оны бүлік шығарды деп айыптап, парламент оған импичмент жариялап, биліктен шеттеткен. Президенттің міндетін атқарушы қызметіне Хан Дук Су тағайындалған.
Юн Сок Ёльдың адвокаттары тергеушілердің оны қамауға алуына негіз жоқ екенін айтты. Өйткені конституция президентке әскери жағдай жариялауға мүмкіндік береді.