Оңтүстік Кореяның экс-президентіне өлім жазасы сұралды
Фото: Reuters
Арнайы прокурорлар тобы Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёльге өлім жазасын тағайындауды талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Yonhap басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазір сотта 2024 жылдың соңында елде әскери жағдай енгізуге жасалған әрекетке қатысты бұрынғы президент Юн Сок Ёль ісі қаралып жатыр. Президент парламенттің әскери жағдайды жою туралы шешім қабылдауына жол бермеу үшін әскерді парламент ғимаратына жіберген. Прокурорлар оны бүлік ұйымдастырды деп айыптады. Айыптаушы тараптың нұсқасы бойынша, экс-президент негізгі мемлекеттік органдарды бақылауға алу арқылы билікте қалуды көздеген. Бұл іс бойынша үкім ақпан айында шығарылады деп күтілуде.
Айыптарға сәйкес, прокуратурада үш түрлі жаза нұсқасы бар:
- өлім жазасы (соңғы рет 1997 жылдың желтоқсанында қолданылған);
- мәжбүрлі еңбекпен өмір бойына бас бостандығынан айыру;
- мәжбүрлі еңбексіз өмір бойына бас бостандығынан айыру.
Оңтүстік Кореяда қамауға алынған президенттің жақтастары шеруге шықты
Сеул қаласының Орталық аудандық сотының судьялар алқасы арнайы прокурор Чо Ын Соктың жазаға қатысты талабын тыңдау үшін келесі сейсенбіге қосымша отырыс тағайындалатынын хабарлады.
Айыпталушылар қатарында, бұрынғы президентті қоса алғанда, сегіз адам бар. Олар қорғаныс министрі Ким Ён Хён, Ұлттық полиция агенттігінің бұрынғы басшысы Чо Джи Хо, сондай-ақ әскери жағдайды жоспарлау мен енгізуде маңызды рөл атқарды деп айыпталып отырған тағы бес адам бар.
Юнға бұрынғы қорғаныс министрімен және өзге де тұлғалармен Конституцияны әлсірету мақсатында бүлік ұйымдастыру үшін сөз байласты деген айып тағылған. Оған соғыс немесе соған тең ауқымдағы ұлттық төтенше жағдай болмағанына қарамастан, әскери жағдайды заңсыз жариялады деген кінә артылып отыр.
Атап айтқанда, экс-президент Ұлттық жиналыс кешенін қоршау және депутаттардың оның жарлығын жою жөніндегі дауыс беруіне жол бермеу үшін әскер мен полицияны жұмылдырды, сондай-ақ Ұлттық жиналыс төрағасын, билік партиясы мен негізгі оппозициялық партия басшыларын қамауға алу және ұстап тұру туралы бұйрық берді деп айыпталуда.
Еске салсақ, құқық қорғау органдары Оңтүстік Корея президенті бүлік шығарды деп айыптап, парламент оған импичмент жариялап, биліктен шеттеткен. Президенттің міндетін атқарушы қызметіне Хан Дук Су тағайындалған.
Юн Сок Ёльдің адвокаттары тергеушілердің оны қамауға алуына негіз жоқ екенін айтты. Өйткені конституция президентке әскери жағдай жариялауға мүмкіндік береді.
Сол кезде Оңтүстік Кореяның тергеушілері президент Юн Сок Ёльді тұтқындай алмаған еді. Бірақ 15 қаңтарда қамауға алу туралы ордер беріліп, президентті изоляторға алып кетті. Артынша Юн Сок Ёль елде әскери жағдай жариялау әрекеті сәтсіз аяқталғаннан төрт ай өткен соң мемлекет басшысы қызметінен біржола шеттетілген.
"Екеуі екі-үш күн қатарынан жанжалдасып, соңы осындай болды": Шымкентте 21 жастағы қыздың өліміне қатысты көршілері көргендерін айтты