Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті бес жылға сотталды
Фото: koreatimes.co.kr
Сеулдің орталық аудандық соты Оңтүстік Кореяның экс-президенті Юн Сок Ёльді бес жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Yonhap басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл экс-президентке қатысты істер бойынша шыққан алғашқы сот үкімі. Korea Herald басылымының мәліметінше, айыптау тарапы Юн Сок Ёльге жалпы 10 жыл түрме жазасын сұраған:
- 5 жыл – ұстауға қарсылық көрсеткені үшін;
- 2 жыл – әскери жағдай туралы жарлықты кейіннен қайта қарағаны үшін;
- 3 жыл – министрлер кабинетінің талқылау құқығын бұзу, шетелдік БАҚ-та жалған ақпарат тарату және дәлелдерді жою айыптары бойынша.
Өткен жылдың қаңтар айында арнайы тергеу органы Юн Сок Ёльді мемлекетке опасыздық пен бүлік ісі бойынша тергеуге шақырған. Алайда ол тергеуге үш рет келмеген. Осыдан кейін сот оның ұсталуына және тінту жүргізуге рұқсат берген. Бірақ президент күзетімен бірнеше сағатқа созылған арпалыстан соң тергеушілер оны ұстай алмады. Алайда кейінірек Юн Сок Ёль бәрібір қамауға алынды.
Оңтүстік Кореяның экс-президентіне өлім жазасы сұралды
Korea Herald жазуынша, экс-президент Сыбайлас жемқорлықты тергеу басқармасының бүлік ісін тергеуге өкілеттігі жоқ екенін алға тартқан. Дегенмен сот бұл органның жарамды ордер негізінде әрекет еткенін заңды деп таныды.
Қазір Юн Сок Ёльге сегіз бап бойынша айып тағылған. Бүлік ұйымдастыру ісі бойынша келесі сот отырысы 19 ақпанға белгіленген. Бұл іс бойынша айыптау тарапы экс-президент билікті сақтап қалу үшін сот пен парламентке бақылау орнатуға тырысқан деп есептейді. Оны бүліктің ұйымдастырушысы деп танып, ең қатаң жаза өлім жазасын сұраған.
Еске салсақ, құқық қорғау органдары Оңтүстік Корея президенті бүлік шығарды деп айыптап, парламент оған импичмент жариялап, биліктен шеттеткен. Президенттің міндетін атқарушы қызметіне Хан Дук Су тағайындалған.
Юн Сок Ёльдің адвокаттары тергеушілердің оны қамауға алуына негіз жоқ екенін айтты. Өйткені конституция президентке әскери жағдай жариялауға мүмкіндік береді.
Сол кезде Оңтүстік Кореяның тергеушілері президент Юн Сок Ёльді тұтқындай алмаған еді. Бірақ 15 қаңтарда қамауға алу туралы ордер беріліп, президентті изоляторға алып кетті. Артынша Юн Сок Ёль елде әскери жағдай жариялау әрекеті сәтсіз аяқталғаннан төрт ай өткен соң мемлекет басшысы қызметінен біржола шеттетілген.
"Разы болмаймын": Қазақстандық әйел офисінің жанына киіз үй тігіп, мәйіт қойған көршілерінің әрекетіне шағымданды (видео)