Оңтүстік Корея ит етін жеуге тыйым салынуына байланысты жарты миллион үй жануарына қауіп төніп тұр
Фото: Hyunjung Kim/BBC News
Оңтүстік Кореяда ит етін жеуге тыйым салынуына байланысты жарты миллион үй жануарына ұйықтатып өлтіру (эвтаназия) қаупі төніп тұр. Жаңа заң 2027 жылдан бастап күшіне енеді. Осы уақытқа дейін фермерлер иттерді жаңа қожайындарға тапсыруға немесе панажайға өткізуге міндетті. Алайда паналайтын жерде орын жеткіліксіз, ал ел тұрғындары "ет фермаларынан" шыққан иттерді асырауға асығар емес. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC News басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Өткен жылы Оңтүстік Корея үкіметі ит етін сатуға жалпыұлттық тыйым енгізді. Бұл заң фермерлерге 2027 жылы ақпанға дейін уақыт беріп отыр. Осы мерзімнен кейін олар қызметін тоқтатып, қалған иттерді сатуы тиіс.
Алайда көптеген фермерлер мемлекеттен ешқандай қолдау болмағанына наразы. Үкімет олардың табыс көзінен айырылып қалғанын ескермеген. Иттерді сату қиындап барады, оның етіне сұраныс күннен-күнге төмендеп жатыр. Бұрын аптасына 10-15 ит сатып жүрген фермалар бүгінде жануарларды асыраудың өзі ауыр жүкке айналғанын айтып отыр.
Зооқорғаушылар да бұл заңның салдарынан иттерді жаңа қожайындарға табыстау қиынға соғатынын айтты. Себебі фермерлердің көпшілігі ірі тұқымды иттерді өсіреді. Ал Оңтүстік Корея тұрғындары үйдің тарлығына байланысты ұсақ тұқымды иттерді асырағанды жөн көреді екен.
Қасапханадан құтқарылған иттер енді ұйықтатып өлтіру қаупіне тап болып отыр. Оңтүстік Корея билігінде қалған иттерді не істеу керек екені жөнінде нақты жоспар жоқ. Әртүрлі дереккөздер бойынша, олардың саны шамамен жарты миллионға жуық.
Оңтүстік Кореяның Ауыл шаруашылығы министрлігі ферма иелері иттерінен бас тартқан жағдайда, жергілікті билік оларды өз қарауына алып, панажайларға орналастыратынын мәлімдеді. Алайда сарапшылардың айтуынша, жануарларға арналған панажайлар қазірдің өзінде лық толы, сондықтан барлық итке орын табыла қоймайды.
Корея жануарларды қорғау қауымдастығының мәліметінше, құқық қорғау ұйымдары мүмкіндігінше көп жануарды құтқаруға тырысқанымен, "иесіз қалған иттер" бәрібір қалады.
"Егер қалған иттер иесіз қалса, бұл жүректі ауыртатын жағдай болады. Дегенмен оларды ұйықтатып өлтіреді", — деді қауымдастық өкілдері.
Оңтүстік Корея үкіметі бұл алаңдаушылықтарды әзірге жоққа шығарып, жануарларды эвтаназиялау жоспарда жоқ екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін Оңтүстік Кореяда иттің етін жеуге тыйым салу туралы заң қабылданғаны туралы жазған едік.

"Артында төрт баласы қалды": Қаңтар оқиғасы кезінде мерт болған азаматтың отбасы 5 жылдан бері пәтер ала алмай жүр
