Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оңтүстік Корея мұнай дағдарысына байланысты Қазақстаннан көмек сұрамақ

Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Оңтүстік Корея президенті әкімшілігінің басшысы Кан Хун Сик мұнай жеткізу бойынша келіссөздер жүргізу үшін Қазақстанға келмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Сеул Ормуз бұғазы арқылы жеткізілімдердің үзілуіне байланысты шикізат тапшылығын сезініп жатыр. 

Reuters агенттігінің мәліметінше, Кан Хун Сик Қазақстанға баратынын 6 сәуірде хабарлаған. Ол Астанада шикі мұнай мен нафта жеткізу жөнінде келісімге келуді жоспарлап отыр. Ол Қазақстаннан бөлек Сауд Арабиясы мен Оманға да бармақ. Сапарлар алдағы күндері өтеді деп жоспарланған.

"Тозақ орнайды": Трамп Иранға Ормуз бұғазын ашып, келісімге келуге 48 сағат уақыт берді

Оқыңыз

Сонымен қатар Кан Хун Сик үкімет өкілдерімен және ірі мұнай өндіруші компаниялармен кездеседі. Таяу Шығыстағы соғысқа байланысты Оңтүстік Кореяда шикізатпен қамтамасыз ету мәселесі күрделене түскен. Бұған дейін Оңтүстік Кореяға келетін мұнайдың 61%-ы, ал нафтаның 54%-ы Ормуз бұғазы арқылы жеткізілген. 

Наурыз айында Сеул Біріккен Араб Әмірліктерінен 24 миллион баррель мұнай жеткізуге келісім жасаған. Сонымен қатар кореялық билік Ормуз бұғазында қалып қойған 26 кемесінің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін 

22 наурызға қараған түні Трамп Тегеранға бұған дейін де 48 сағаттық ультиматум қойды. Сол кезде ол Ормуз бұғазындағы блокаданы алып тастауды талап етіп, бұл орындалмаса, АҚШ әскері Иранның энергетикалық нысандарына соққы жасайтынын ескерткен. Кейін Ақ үй басшысы Иранмен келіссөздерге сілтеме жасап, ультиматум мерзімін бірнеше рет кейінге шегерген.

Күні кеше АҚШ президенті Тегеранды тозаққа айналдырамын деп қорқытқан еді. Тегеран ультиматумды қабылдаудан бас тартып, АҚШ президентінің өзін “тозақтың түбіне жіберетінін” мәлімдеді.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 07 Сәуір, 2026 17:58