Онлайн казино ісі бойынша Forbes-тің "30 жасқа дейінгі 30" тізіміне енген кәсіпкер мен “Қазпошта” менеджері қамауға алынды
Фото: forbes.kz, qazpost.kz
Қазақстанда алғаш рет Forbes-тің "30 жасқа дейінгі 30" тізіміне енген кәсіпкер қамауға алынды. Алматыда төлем жүйелері саласында жұмыс істейтін OneVision компаниясының иесі, кәсіпкер Игорь Ем ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, OneVision компаниясы арқылы Қазақстанда тыйым салынып, Бонами атауымен жұмыс істеп келген Pin Up онлайн-казиносының қаражаты өткізілген.
Агенттік дерегіне сүйенсек, қазақстандықтар бұл казинода шамамен 600 миллиард теңге жоғалтқан.
Тергеу нәтижесінде 9 адам қамауға алынып, ақша өткізу үшін пайдаланылған шамамен 100 криптоәмиян анықталды. Ал OneVision компаниясының иесі, танымал финтех-кәсіпкер Игорь Ем уақытша ұстау изоляторына жіберілді.
Айта кетейік, кәсіпкер Forbes-тің "30 жасқа дейінгі 30" тізіміне енген еді.
Сондай-ақ Pin Up онлайн-казиносы бойынша даулы қылмыстық іс аясында қамауға алынғандар қатарында –"Қазпоштаның" топ-менеджері, QazPost Digital филиалының басқарушы директоры Әлібек Сабралиев.
Компанияның ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, 34 жастағы Сабралиев бұл лауазымға 2025 жылдың тамыз айында тағайындалған. Ол Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (МУИТ) мен Малайзияның University Tenaga Nasional оқу орындарының түлегі. Бұған дейін бірнеше компанияда, соның ішінде "Сбербанкта" жұмыс істеген.
Pin-Up букмекерлік компаниясы кейбір төлем ұйымдары жүргізген заңсыз операцияларға қатысы жоқ екенін хабарлады. Компания олардың бренді мен деректері рұқсатсыз пайдаланылғанын айтады.
Pin-Up өкілдерінің айтуынша, бірнеше ай бұрын олар бірқатар фирмалардың ешқандай келісімшартсыз олардың атынан терминал ашып, транзакциялар жүргізгенін білген.
Компания банктер мен Ұлттық банкке жүгініп, осындай операцияларды тексеруді және заңсыз терминалдарды жабуды талап еткен. Сондай-ақ заңгерлер сотқа талап-арыз беріп, кінәлілерді жауапқа тарту үшін Экономикалық тергеу департаментіне шағым жазған көрінеді.
"Акушерьге, дәрігерге, медбикеге бересің": Қазақстандықтар мемлекеттік перзентханалардың ақша бермесең қарамайтынын айтып, қызу талқылады