ІІМ заңсыз көші-қон ұйымдастырған қылмыстық топтардың жолын кесті
Ішкі істер министрлігі қылмыстық және террористік әрекеттермен айналысатын адамдардың елге кіруіне жол бермеу мақсатында заңсыз көші-қон арналарын анықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото видеокадрдан алынған
Ішкі істер министрлігі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың дерегінше, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөліністері осы айдың басынан бастап заңсыз көші-қонды ұйымдастыруға қатысы бар бірнеше қылмыстық топтың жолын кесті.
"Қылмыстық схемалар мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту, жалған құжаттарды қолдана отырып, шетелдіктерге уақытша тұруға және жұмыс істеуге рұқсат беруді ресімдеу сияқты қызметтерден тұрған. Жамбыл облысында жергілікті тұрғын ұсталды. Ол таулы аймақ арқылы Еуроодақ елдеріне табыс үшін барғысы келетін алыс шет елдердің азаматтарына заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған", – деді Қуандық Алпыс.
Атырау облысында үш шетелдік жалған құжаттарды пайдалана отырып, Қазақстан аумағында басқа шетелдіктерді тіркеумен айналысқан. Осыған ұқсас қылмыстық схема елордада ашылды. Онда еңбек мигранттары үшін құжаттарды заңсыз ресімдеуге қатысы бар бес жергілікті тұрғын ұсталды.
"Барлық факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Кінәлілер мүлкі тәркіленіп, жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр, – деді Қуандық Алпыс.
Еске салайық, бұған дейін шенеуніктер тұрғындарды солтүстік өңірлерге көшіру құжатын жасап, 1 миллиард теңге жымқырғанын жаздық. Бас прокуратураның мәліметінше, жалған құжаттарды пайдалана отырып азаматтарды жалған қоныс аудару жолымен 1 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқыру және оны теріс пайдалану фактілері анықталды. Қоныс аударушылар болып жалған адамдар есепке алынған, ал құжаттар төмен бағамен сатып алынған көрінеу тұруға жарамсыз немесе апатты ғимараттарға рәсімделген. Азаматтар кей жағдайда өздерінің құжат бойынша қоныс аударылғанын білмеген.