Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Оның жанында жүру қауіпті": Ресей тұрғыны Украинадағы соғыс үшін украин әйелінің үстінен шағымданды

Мәскеу облысының 35 жастағы тұрғыны украин әйелінің үстінен полицияға шағым түсірді. Ерлі-зайыптылардың ұрысына Украинадағы жағдай себеп болған. Сергей Образцовтың айтуынша, әйелі үйде антиресейлік көзқарасын жиі білдіреді. Бұл екеуінің ортақ ұлына кері әсер ете ме деп алаңдайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі mk.ru-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Сергей Образцов құрылысшы болып жұмыс істейді. Мәскеу облысына қарасты ауылдардың бірінде 30 жастағы әйелі Юлия мен 7 жасар ұлымен бірге тұрады. Әйелінің үстінен арыз жазған ол бұл қылығын: "Бәрінен бұрын ұлымды Украинаға алып кете ме деп қорқамын. Ол 2016 жылы да ұлымыз небәрі алты айлық кезде солай жасамақ болған. Сол кездің өзінде ұлымды РФ аумағынан шығаруға тыйым салу туралы құжат жасаттым", –  дейді ер адам. 

Сергей мен Юлия 2015 жылы отбасын құрған. Украинаның батысында дүниеге келген Юлия жұбайымен Хмельницк облысында танысқан көрінеді. Алғашқыда екеуі үйленген соң, қыздың отбасы еш қарсылық білдірмеген. Алайда уақыт өте келе Украинаға көшіп келуге көндірген көрінеді. Дәл осы себепті Юлия 2016 жылы "Ұлыма туған жерімді көрсетіп келемін" деген сылтаумен күйеуін алдап, Украинаға аттанған. Бірнеше аптадан кейін қайта келемін деп бір жылға жоғалып кеткен. Оралған соң, туыстарының сөзіне еріп, ақымақтық танытқанын айтқан. Бұдан кейін Сергей мен Юлия баз бұрынғыша бақытты күндерді өткерген. Тек Украинада соғыс басталған соң, Юлия түрлі қылық көрсете бастапты. 

"Арнайы операция басталған күні әйелім жылап, айқайлап, жанжал шығарды. Мен сол сәтте-ақ оның туыстарына біздің елге көшіп келуге ұсыныс білдірдім. Кез келген көмек көрсетуге дайын екенімді айттым. Бірақ Юлия "бұл елге туыстары келмейтінін" айтты. Содан бергі бар ойы – ұлымды алып, Отанына кету. 



Тек 2016 жылы мен жазған тыйым оны тоқтатып отыр. Одан бері ол Украинаға баласыз өзі барып жүрді. Жалпы 24 ақпаннан бері жағдайы дұрыс емес. Үнемі әлеуметтік желіде арандатушылық посттар жазады. Өзімен келіспейтін барлық достарын өшіріп тастайды. Бір кездері жұмысқа баруды да қойды. Кейін қайта оралды. Ол жерде де үнемі сөз сөйлеп жүрді. Ал көктемде учаскеге бір барып келді, үстінен біреу шағым түсіріпті", – дейді Сергей. 

Украинадағы ұрыстың басталғанына 5 айға жуықтады. Осы уақыт ішінде Юлияның түрлі қылығына төзіп келдім деген Сергей ажырасуға арызды жақында беріпті. Айтуынша, 7 жасқа толатын ұлы балабақшада антиресейлік көзқарасын білдірген. 

"Балабақшадағылардың айтуынша, ұлымыз антиресейлік лозунгтер айтып, өзге балалармен таласады екен. Анасының сөздерін қайталайды. Мен жауапты ата-ана ретінде бұған жол бере алмаймын. Балам балабақшаны бітіреді. Биыл дайындық бөлімінен өтті, ал 1 қыркүйекте 1-сыныпқа барады. Ал Юлияның басы істемей кетті. 
Үйде ғаламторда отырады. Жұмысқа бармайды, балаға да тамақ бермейді", – дейді шағым түсіруші.

Сергей әйелінің жазаланғанын қаламайды. Тек ортақ ұлымыздың психологиясына әсер етпесе екен деген ниетін білдірді. 

"Оның жанында жүру қауіпті", – дейді Сергей. 

Ал Юлияның ата-анасы қызы мен немересін Украинаға алдыруды жоспарлап отыр. 

Талқылау