Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БҰҰ: Украинада соғыс кезінде сексуалды зорлыққа ұшыраған 124 адам тіркелді

БҰҰ Украинадағы әскери қақтығыс кезінде кем дегенде 124 жыныстық зорлық-зомбылық фактісі анықталғанын айтып отыр. БҰҰ-ның жыныстық зорлық-зомбылық жөніндегі арнайы өкілі Прамила Паттеннің айтуынша, қолда бар деректер тек жанама цифр болуы мүмкін екенін және соғыстағы зорлық-зомбылықтың нақты ауқымын көрсетпейтінін жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Соғыс кезіндегі сексуалдық қылмыстарды тергеудегі негізгі кедергілер ретінде құрбандардың зорлық-зомбылық туралы хабарлаудан қорқуы мен ұят сезінуі, тым көп қылмыс салдарынан тергеушілер жеткіліксіздігі, оккупация уақытында бұл туралы хабарлау мүмкіндігінің жоқтығы аталды.

Украинаның азаматтық бостандықтар орталығының басқарма басшысы Александра Матвичуктың айтуынша, зорлау жасырын қалып қоятын қылмыс.

"Жыныстық зорлық-зомбылықтан аман қалған адамдар бұл туралы құқық қорғау органдарына, халықаралық ұйымдарға немесе құқық қорғаушыларға айтпайды", – деді Матвичук.



Украина Бас прокуратурасының мәліметінше, сексуалдық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша қазірдің өзінде 15 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелген. Бірақ Ресей әскері басып алған аумақтарда жүрген көптеген Украина азаматы қылмыстар туралы украиналық және халықаралық құқық қорғау органдарға хабарлау мүмкіндігінен айырылған. 

Генрих Болл атындағы неміс қоры жыныстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмектесетін құқық қорғау ұйымдарымен бірге соғыс кезіндегі зорлыққа ұшырағандардың ресми статистикасы шындықтың тек аз бөлігін көрсетеді деп санайды.

Бұрынғы әскери қақтығыстарда, мысалы, Босния мен Герцеговинадағы сексуалдық зорлық-зомбылық құрбандарымен жұмыс істеу тәжірибесі бар сарапшылар құрбандардың көпшілігі стигматизациядан қорқып, қылмыс туралы жылдар бойы хабарламайтынын және ұзақ мерзімді көмек пен оңалтуды қажет ететінін айтып отыр.

Америкалық "Әділет және жауапкершілік орталығы" ұйымының қызметкері Александра Кейтер зорлау Рим жарғысы бойынша әскери қылмыс ретінде танылған дейді. Алайда Гаагада осы әрекеттері үшін сотталғандар жоқ екен.

Мамыр айының соңында Людмила Денисова Жоғарғы Раданың Адам құқықтары жөніндегі уәкілі қызметінен босатылған еді. Депутаттар оның ресейлік әскерилердің украиналық әйелдерге және тіпті балаларға қатысты сексуалдық зорлық-зомбылық көрсетті деген әңгімелерінің көбі фактілермен расталмайды деген қорытындыға келген.

Алайда соның өзінде бұл мұндай қылмыстардың бар екендігіне күмән тудырмайтыны айтылды, шынайы сексуалдық зорлық-зомбылық фактілерін анықтау жұмыстары жалғасуда.

Талқылау