Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар мереке күндері мен қолайсыз ауа райында такси бағасының өсуіне шағымданды: Депутат тарифтерді төмендетуді ұсынды

Фото: pixabay.com

Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға сауал жолдады. Оның айтуынша, такси қызметінен тапқан табыстардың белгілі бір пайызы шетелге кетіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Депутат Мархабат Жайымбетовтың сөзінше, кейінгі жылдары нарықта цифрлық платформалар артып жатыр. Бірақ көлік қызметтері нарығында біз автобекеттердің іс жүзінде жоғалып кеткенін, қалааралық тасымалдау көлемінің азайып бара жатқанын байқаймыз дейді депутат.

"Такси парктері үлкейеді немесе банкротқа ұшырайды. Жүз мыңдаған қазақстандық жүргізушілер цифрлық такси агрегаттарына қатты тәуелді болды. Төленген әрбір жол ақысының бір үзімін отандық жүргізуші алса, қалғанын сырттағылар алып отыр. Осы күнделікті тіршілігімізбен біте қайнасып кеткен онлайн сервистік такси қызметінен тапқан табыстардың белгілі бір пайызы шетелге кетіп жатыр. Бір қарағанда барлығын шетелдік технократтар жасап беріп жатыр ғой дей салуға болады. Шын мәнісінде, біз соларға тәуелді болу арқылы ішкі қаржы айналымында оңбай ұтылып жатырмыз", – деді депутат.

Депутат "Amanat" партиясының Жол картасында интернет платформалар арқылы жұмыс істейтін адамдардың құқықтарын заңнамалық деңгейде қорғау қарастырылғанын атап өтті.

Мархабат Жайымбетовтың сөзінше, қазір цифрлық такси платформалары 16%-дан басталып, қосымша таксопарктер тағы 2-4% қосып алады.

"Шын мәнінде, табыстың көп бөлігі платформалар мен таксопарктердің комиссиясына кетіп, жүргізушілерді күректеп ақша тауып жатыр деп айта алмаймыз. Шетелдік платформалар өз мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, нарықтың басым бөлігі соларда. Елімізде отандық қосымшаларға қолдау аз, ресурсы шектеулі болғандықтан, олар бәсекеге төтеп бере алмайтынын байқаймыз. Бәсеке болмаған соң халықтың таңдау мүмкіндігі тарылып, сапа мен баға мәселесі де шешілмей тұр. Жеке қабылдауларда халық такси тарифтерінің негізсіз қымбаттауын алға тартады. Әсіресе мереке күндері немесе ауа райы күрт өзгерсе баға бірден шарықтап кетеді. Бүгінде шетелдік цифрлық платформалар экономикалық айналымнан жүргізушілер мен халықты қоса алғанда, ел экономикасына инвестиция салмай-ақ, инфрақұрылымды дамытпай-ақ ондаған миллиард теңге алып отыр деуге болады. Осындай жағдайлар еліміздің ұлттық және экономикалық қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді", – делінген Мархабат Жайымбетовтың депутаттық сауалында.

Сонымен қатар депутат нарықтағы монополиялық жағдайы оның кірістерін бақыламай-ақ қайта арттыруға мүмкіндік беріп отыр дейді. Бұдан бөлек депутат Мархабат Жайымбетов бірқатар ұсыныстарын келтірді.

"Біріншіден, қазақстандық цифрлық қосымшаларды құруға қолдау көрсету. Табысты қазақстандық цифрлық платформаларды жұмысқа тарту. Екіншіден, осы нарық үшін аса маңызды инфрақұрылымды – елдің цифрлық картасын құру қажет. Ол ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан да маңызды. Үшіншіден, нарықтың өзгермейтін монополиялық жағдайы ірі такси агрегаторлары алатын комиссиялардың мөлшерін бағалық реттеуді талап етуіміз керек. Яғни, такси платформалардың комиссиясын 3-5%-ға дейін түсіру қажет. Төртіншіден, такси, азаматтық авиация және теміржол жолаушылар көлігі агрегаторларының қызметтерінің монополиялық нарықтарында пайдаланылатын динамикалық баға белгілеуді олардың негізгі шығындары іс жүзінде өзгермейтінін, ал монополиялық көрсетілетін қызметтерге сұраныс қана өзгеретінін ескере отырып, реттеуіміз қажет деп санаймын", – деді депутат Мархабат Жайымбетов. 


Алматыда такси жүргізушісі жолаушы қызды көліктен шығармай, телефон нөмірін беруін талап еткен


Tesla жүргізушісіз таксиді сынақтан өткізіп жатыр


Еске салайық, бұған дейін бәсекелестікті қорғау және дамыту және цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері Яндекс Такси компаниясының алгоритмдік баға қалыптастыру тиімділігіне аудит жүргізді. Енді Яндекс.Таксиге бағаны шамадан тыс өсіруге тыйым салынды.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 21 Мамыр, 2025 14:49
Талқылау