Өмірі ауруханаға бармаған 100 жастағы ата ұзақ өмір сүрудің құпиясын айтты

Екі ғасыр өмір сүрген Аманұлы Рысбек 100 жыл өмір сүрудің құпиясын бөлісті. 35 жыл бойы шопан болып, маңдай терімен нәпақасын тапқан атамыз бүгін үлкен әулеттің ақсақалы. Оның алты баладан тараған он бір немере, он жеті шөбере, екі шөпшегі бар. Қария ұзақ өмір сүрудің құпиясы еңбек пен дұрыс ойлау екенін сөз етті. Бұл туралы Stan.kz тілшісі хабарлайды.
Рысбек ата 35 жыл бойы шопан болып, маңдай терімен адал нәпақасын тапқан. Табиғатпен етене өмір сүріп, төрт түлікпен бірге көшіп-қонып жүрген еңбек адамы үшін қозғалыс пен төзім күнделікті дағдыға айналған. Қария өзінің ұзақ өмір сүруінің басты сыры да осы еңбек пен қарапайым тіршілікте жатқанын айтады.
“Мен ешқашан еңбектен қашқан емеспін. Керісінше, жұмыс істемесем, денем құрысып қалады. Қартайдым деп үйде жатып алған жоқпын. Қазір де үйдің алдында қар күреймін, мал қараймын. Ұлым жоқ кезде тірліктің бәрін өзім істеймін”, – дейді ол.
Рысбек Аманұлы елде ашаршылық болған кезде жеті жаста болғанын еске алды. Сол жылдары ата-анасымен бірге Қытайға пана іздеп барыпты. Кейін елге оралып, бар болғаны төрт сыныпты бітірген. 25 жасында үйленіп, тағдырдың жазуымен жарынан ерте айырылған. Балаларын жеткізу үшін қой бағып, маңдай терімен еңбек еткен.
Фото:видеодан скрин
Қыстың суығы мен жаздың ыстығында аттан түспей, мал соңында жүрген қария денсаулығым ешқашан сыр берген емес дейді.
“Ұзақ өмір сүрудің құпиясы қымбат дәрі-дәрмек пен ерекше күтімде емес. Адал ас, таза еңбек және жүйкенің тыныштығы”, – дейді ғасыр жасаған ата.
Фото:видеодан скрин
Осы жасқа жетуін Рысбек ата алдымен Алланың қалауымен байланыстырады.
“Осы жасыма дейін ешкімге жамандық жасаған емеспін. Егер адам еңбектен өлетін болса, бірінші мен өлер едім. Қазір жасым жүзге келді. Көзім алысты анық көрмейді, құлағым кейде естімей қалады. Бұл әрине кәріліктен. Бірақ басқа жерім ауырған жоқ. Менімен қатарлас адамдар қазір жоқ, ал жетпіс-сексендегі таныстарым ауырамын деп айтып отырады. Менде ондай жоқ, себебі үнемі қозғалыстамын", – дейді ол.
Қария жастарға да ақыл-кеңесін айтып өтті.
"Қазіргі жастарға айтарым жалқау болмаңдар. Қимылдаңдар, еңбектеніңдер. Дұрыс ойлап, жаман сөзге, жаман іске жоламаңдар. Ашуға ерік бермей, сабыр сақтаңдар. Еріншектік пен уайым адамды ерте қартайтады", – дейді Рысбек ата.
Фото: Паша Шамин
Рысбек ата өмірге өкінішім жоқ, берілген бір ғана мүмкіндікті тек өкінішпен өткізу қателік дейді. Қазір Рысбек атаның үйінің алдында қорасы бар, мал ұстайды. Балалары мен немере-шөберелері жиі келіп, қарияның жағдайын біліп тұрады. Ғасыр жасаған ата үшін ең үлкен байлық – ұрпағының амандығы мен тыныш өмір.
Сұхбаттың толық нұсқасын Stan.kz YouTube арнасынан көріңіздер!
Өмірі ауруханаға бармаған 100 жастағы ата ұзақ өмір сүрудің құпиясын айтты