Өмірден өткен қазақстандық донор болып, үш адамның өмірін аман алып қалды
Фото: Видеодан скрин
Елордада миы тоқтап, өмірден өткен адамның ағзалары үш адамның өмірін аман алып қалды. Ұлттық ғылыми онкология орталығының мәліметінше, марқұмның бауыры мен бүйректері үш науқасқа трансплантацияланған. Қазір олардың жағдайы бірқалыпты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Qazaqstan арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Донордан алынған бүйректің бірі 40 жастағы Есен Байленовке салыныпты. Ол 6 жыл бойы гемодиализге тәуелді болған. Марқұмның бүйрегі маусым айында жеті науқастың ішінен науқас Есен Байленовке сәйкес келген. Оған жасалған 8 сағаттық ота сәтті өткен.
"24 маусым күні өмірге қайта келдім. Мамандар хабарласып, маған донор табылғанын айтты. 6 жыл бойы аурудың зардабын тартып, емхананың табалдырығын тоздырдым. Енді, міне, дәрігерлердің көмегімен, донор туыстарының келісімімен қайта аяққа тұрдым. Ішкі күйімді сөзбен айтып жеткізе алмаймы", – деді реципиент Есен Байленов.
Фото: Видеодан скрин
Ал екінші бүйрек бір жыл бойы донор күткен Айдос Айтмағамбетке трансплантацияланған.
"Денеңіздегі маңызды мүшелер жұмыс істеген жоқ. Қазір мүше жұмыс істеп тұрғаннан кейін организмде өзгерістер байқалады. Өзіңізді жақсы сезінесіз. Диализге бармайсыз. Диализге барған сайын адам ауырады. Көп адам диализ көтере алмайды. Солардың қатарында едім", – реципиент Айдос Айтмағамбет.
Фото: Видеодан скрин
Сондай-ақ 45 жастағы Сәуле Жаркеева 6 жылдан бері бауыр циррозымен күресіп келген. Бұған дейін үш мәрте ағза табылған. Дегенмен сәйкес келмеген. Бұл жолы анализдер сәйкес келіп, сау бауыр салынды.
"Бұған дейін туысым донор болғысы келді. Бірақ сәті түспеді. Мен сонда да донор табылады деп, күдер үзгенім жоқ. Бұл жолы ағза ауыстыруға үміткерлер өте көп болды. Менде бәрі сәтті өтті. Жағдайым түзеліп келеді. Бұйыртса, отбасыммен жақын күндері қауышамын", – деді емделуші Сәуле Жаркеева.
Фото: Видеодан скрин
Дәрігерлердің сөзінше, ағза ауыстыруда шешімді дәрігер емес, медициналық ақпараттық жүйе қабылдайды. Донор мен науқастың тіндік және қан тобы сәйкестігі автоматты түрде анықталады. Заң бойынша мәйіттік донор тек бас-ми өлімі тіркелген жағдайда ғана рұқсат етіледі. Алайда мұндай донорлар елімізде аз. Салдарынан жыл сайын кезекте тұрған 350-400 адам көз жұмады екен.
"Елімізде мәйіттік трансплантация өте аз жасалынады. Былтырғы көрсеткіштерді алатын болсақ, еліміздегі 15-16-ға жуық бүйрек трансплантациясы мәйіттік. Оның ішінде былтырғы көрсеткіш бойынша алтауы біздің орталықта жасалды. Күту парағында тұрған 3500-нан аса пациент бар. Оның ішінде кіші жастағы балалар да бар", – деді Ұлттық ғылыми онкология орталығының трансплантолог дәрігері Мэлс Асықбаев.
Дәрігерлердің айтуынша, мәйіттік донор жүйесі жүйелі жолға қойылса, жыл сайын мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға болады.
Айта кетейік, бұған дейін Өмірден өткен қазақстандық әйел донор болып, бес адамның өмірін құтқарып қалғаны туралы жазған едік.

"Қазақ екеніме сенбейді": Ақтаулық жігіт желіде ерекше келбетімен көзге түсті
