"Өмірбаянын жаттатып, тест тапсыртады": Желіде танымал Juz40 білім беру орталығының басшысы сынның астында қалды

Желіде бірнеше күннен бері Juz40 Education оқушыларды ҰБТ-ға дайындайтын білім беру орталығына қатысты дау қызу талқыға түсті. Қазақстандықтар компания қызметкерлерін бағаламайды және экс-қызметкерлерімен дұрыс бағытта қоштаса алмайды деп айыптап жатыр. Бұған қоса, олар білім беру орталығының негізін қалаушы Жұлдызай Мұсаева туралы біршама ақпаратты жария етті. Осы тұста Stan.kz оқиғаға шолу жасады.
Дау неден басталды
Бастапқыда компанияның экс-қызметкерлері Threads желісінде жазба жариялай бастады.
Айс есімді қолданушы жазбасында орталықты жұмыс істеуге мүлде қолайлы орта емес деп атады. Оның айтуынша, байланысы бар қызметкерлер ғана көтеріледі, ал қалғандары жақсы нәтиже көрсетсе де бірнеше жыл бойы бір лауазымда қалады. Бұған қоса, жазба авторы айлық жалақысына да наразы.
“Ай сайынғы есеп пен үзіліссіз тапсырмалар жүйкеңді жұқартады, ал жалақы 200 мың теңгеге де жетпейді. Еңбек құны мен жауапкершілік тең емес. Ашық пікір айтсаң “тілі ұзарған”, көзқарасыңды жазсаң “көкбетсің”. Бұл жүйеден толығымен шаршадым. Қызметкерлер, түсініңіздер: JUZ40 – өмір емес, жай ғана жұмыс. Әр жұтқан ауаны компания мен басшыға арнаудың қажеті жоқ”, – деп жазды ол.
Қолданушының бұл ойымен тағы бір қазақстандық келісіп, орталықта үш жыл бойы куратор қызметін атқарғанын айтты. Оның сөзінше, осы уақыт ішінде көрсеткіштері әрдайым жоғары болып, бірнеше рет “Айдың үздік кураторы” атанғанына, рейтингте тұрақты жетекші орынды иеленгеніне қарамастан, жоғары лауазымға көтерілмеген. Кейінірек жазба авторы таласқан лауазымға өзге “танысы бар” адамның қабылданғанын білген.
“Мен түсіндім, олар көбіне “өздерін” алға жылжытады екен. Біз бәріміз келесі жылға сұхбаттан өттік, бірақ кейін белгілі болды, кейбір таныстары еш сұхбатсыз қабылданған екен. Мен мұны кездейсоқ білдім. Көңіліме қатты тиді. Сонымен қатар сыртқы кездесулерде басшылық көбіне белгілі бір адамдармен ғана байланыста болып, барлық куратор тең болмайтын. Кейде бізге нақты тәртіп пен тәрбие менгерушінің міндетіне жататын тапсырмаларды орындамағанымыз үшін сөгіс айтылатын еді. Адам жұмысқа жанын салып, нәтижесін көрсетіп, бірақ еш өсу көрмесе, әрине сұрақтар туындайды, бірақ ешкім маған жауап бермеді, Жұлдызай да”, – деп жазды ол.
Тағы бір қолданушы мұнда жұмыс істеген уақытының психикасына кері әсерін тигізгенін жазды. Ол меңгерушілердің кураторға қысым көрсететінін алға тартып, тіпті өзге қызметкерлердің алдында масқарасын шығаратын сәттері де болғанын бөлісті.
“Куратор болып жұмыс істедім, дәлелдеп бере аламын. Жалпы меңгерушілер тарапынан кураторларға қысым бар. Оқушылардың кейбірі үй жұмысын салмай, қатемен жұмыс орындамай, сабақ тапсырудан қашады. Біз апталық есеп толтыратын едік. Барлық куратор есімі тұрады және үй жұмысын салу, практикалық сабаққа қатысу пайызы жазылады. Кураторлар ішінде ең азы болса. “Неге оқушылар салмай жатыр? Неге ең азы сен!” деп бүкіл команда алдында тиіседі. Қаншама стресс алдым. Күнделікті 10 тапсырма береді. Одан артық тағы заттар жасаңдар дейді”, – деп жазды ол.
Келесі жазба авторының айтуынша, орталықтың әкімшілігі, басшысы мен негізін қалаушы Жұлдызай Мұсаева кураторларды үнемі сөгіп, риза болмай отыратын көрінеді.
“Кішкене нәрсе болса, жалақымыз көп секілді айыппұл салып тастайтын. Ал жұмыс оңай емес еді, күн сайын монитордың алдында отыру, Classroom-ты тексеру, үнемі онлайн болу. Бір кураторды сабақ кезінде байланысқа шықпағаны үшін көпшіліктің алдында сөккенін ұмытпайтын шығармын. Ал кейінірек оның әжесі көз жұмғанын білдік”, – деп жазды ол.
Желі қолданушысы компанияның қазіргі қызметкерлеріне тіл қатты.
“Қазір Juz40 әкімшілігі барлық жазбаны оқып, авторларын іздеп, мәселені шешуге тырысып жатыр. Сол себепті адамдарды табуға, оларға қауіп-қатер жасауға немесе жазба жазуға тырыспаңыздар. Қазіргі қызметкерлерге айтарым – компанияны қорғауға тырыспаңыздар. Фактіні қабылдаңыздар және келесі жолы қарапайым болыңыздар”, – деп жазды ол.

“Өмірбаянын жаттатып, тест тапсыртады”
Бұған қоса, орталықтың бұрынғы қызметкерлері Жұлдызай Мұсаеваға қатысты ақпарат таратты. Олардың ақпаратына сүйенсек, компанияның негізін қалаушы қызметкерлерді жұмысқа қабылдағанда өзінің өмірбаянын жаттатып, тіпті сол бойынша тест тапсыртқан көрінеді.
Желіде жарияланған суреттерден “Жұлдызай ханым туралы” деген тақырыптағы видеоны көруге болады. Сонымен қатар кадрлардан “Компанияның негізін қалаушының аты-жөні, туған жылы, мамандығы, ҰБТ-да жинаған балы, отбасында қанша ағайынды” екені жайлы ақпараттар жазылғаны байқалады.

Суретті жариялаған қолданушы “Біліп жүріңдер! Мүмкін болашақта президент болып кетер” деп жазба қалдырған.

Бұл жазбалар мен ондағы мәлімет қазақстандықтарға жақпай қалды. Желі қолданушылары бірден Жұлдызай Мұсаева туралы теріс пікірлер жаза бастады.
“Адамға билік берсең, оның кім екенін көресің” деген”, “Алғаш оқыған кітабы деген ауыр кетті”, “Қасқа, мына кісі президент болса, не болар екен”, “Компанияның негізін қалаушысының” биографиясы қызметкерлерге неге керек?”, “Жужайтану деген пән шығару керек”, “ҰБТ-да сұрақ болып келе ме екен осылар? Сұмдық”, – деп жазған олар.
Жұлдызай Мұсаева не дейді?
Желідегі шудан кейін орталықтың негізін қалаушы Жұлдызай Мұсаева әлеуметтік желідегі парақшасында бірқатар жазба жариялады. Ол өзін сынағандарға жауап беріп, қызметкер компанияға жұмысқа кірмес бұрын басшысы жайлы біліп, тануы заңды деп санайтынын жеткізді.
“Қызметкер компаниядан емес, басшыдан кетеді” дейді. Басшының идеологиясы ұнамағандықтан көбі жұмыстан кетеді. Сондықтан қызметкер компанияға кірерде және жұмыс істеу барысында оны ашқан басшысы жайлы білуі, тануы заңды”, – деп жазды ол.
Ол “Ұжымдық оқытуда өзі жайлы айтады екен” деп жазылған пікірлер күлкісін келтіргенін жасырмады. Сондай-ақ мұндай пікірлердің жалған парақша арқылы жарияланып жатқанын алға тартты.
“Енді іштерінде реніші қалып кеткен кей жұрттар жалған парақша арқылы “Ұжымдық оқытуда өзі жайлы айтады екен, оны командасы жаттайды екен, мысығының атына дейін білуі керек екен, бұл жеке басқа табынушылық” деп неше түрлі күлкімді келтіретін әңгімелер таратып жатыр екен”, – деп жазды ол.
Жұлдызай Мұсаева оқыту жүйесіне қатысты айтылғандар сын қабылданғанын, мәселелердің шешілгенін түсіндірді.
“Сын қабылдай алмайды деп те айтып жатыр. Оқыту жүйесіне қатысты жазылған сындарды қабылдадық, мәселелерді шештік”, – деп жазды ол.
Компанияның негізін басқарушы өмірде мінсіз дүние не адам болмайтынын алға тартып, жалған парақшалар олардың жұмысын тоқтатпайтынын басып айтты.
“Біз мінсіз компания емеспіз. Мен мінсіз басшы емеспін. Бірақ Құдай берген қабілетті, мүмкіндікті пайдаланып, қолымыздан келгенше еңбек етіп жатырмыз. 3 мыңға жуық қызметкерді басқарып, 50 мыңға жуық оқушыны оқытып жатқанда, бізді қайдағы жоқ фейктердің сөзі тоқтатпайды”, – деп жазды ол.
Ол өзгенің сынына еті үйреніп кеткенін айтып, бұл үшін ешкімді сөкпейтінін жазды. Бұдан бөлек, өзінің қатал және талапшыл басшы екенін мойындап, бұл қасиеттерді қатыгездікпен шатастырмауға шақырды.
“Жалпы, мен туралы білмей жатып, сырттан айтылатын сөздерге құлақ үйренген. Кейбірі мені Ким Чен Ынге теңейді, ал енді біреулер Гитлер сияқты деп ойлайды екен. Олай ойлағандары үшін ешкімді сөкпеймін. Иә, мен қаталмын, талапшылмын, тік мінездімін. Қалай бар, солай бәрін ашық айтамын. Бірақ кейде адамдар бұл қасиеттерімді жауыздықпен, қатыгездікпен шатастырып алады және сол қызық”, – деп түйіндеді ол.
"Жоғары жалақы, тегін үй мен тамақ, соңғы үлгідегі MacBook": Италиядағы халықаралық мектепте сабақ беретін қазақстандық ұстаздық жұмысы жайлы айтты