Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Өмір емес, нағыз қорлық": Газа асханалары Израильдің екі айлық блокадасынан кейін азық-түлік таусылатынын мәлімдеді

Фото: BBC

Газа асханалары Израильдің екі айлық блокадасынан кейін азық-түлік таусылатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Америкалық American Near East Refugee Aid гуманитарлық ұйымын басқаратын Сами Матардың айтуынаша, Газа секторында ыстық тамақ табу күнсанап қиындап барады. Алдағы уақытта оңтүстіктегі мұқтаж отбасыларға арналған тамақ есек-арбамен жеткізілмек.

Алдағы күндер қиын болмақ...

“Бүгінгі тағам – жасымық, күріш және дәмді қызанақ соусымен дайындалған кошари. Ол екі коммуналдық асхананың бірінде үлкен кәстрөлдерге құйылған. Халық біздің тағамды жақсы көреді. Оның үстіне олардың жергілікті базардан қалағанын сатып алуға мүмкіндігі жоқ. Онда көптеген өнімдер қолжетімсіз. Біз күрішті етпен – ақуызбен пісіретін едік, қазір жабылғандықтан ет те, жаңа піскен көкөністер де жоқ", – дейді Сами Матар.

Сами Матардың сөзінше, Израиль Газаға барлық жеткізілімдерді тоқтатқаннан екі ай өткен соң, ондаған асхана бірнеше күн ішінде жабылады. 

"Алдағы күндер қиын болады. Біз екі апталық жеткізуді күтеміз" – дейді Матар. 

2 наурызда Израиль Газаға барлық өткелдерді жауып, азық-түлік, жанар-жағармай және дәрі-дәрмек тауарларының кіруіне кедергі келтірді. Ал екі аптадан кейін Хамаспен жасалған екі айлық бітімге нүкте қойып, әскери шабуылын қайта бастады. Израиль осы әдіс арқылы кепілге алынғандарды босатуды көздеп отыр. 

Фото: BBC

Адам өмірі мәмілеге қолданылмауы керек...

Жақында БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы мен БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы Палестиналық босқындарға көмек көрсету және жұмыс жөніндегі агенттігі барлық азық-түлік пен көмек қорының таусылғанын мәлімдеді. Халықаралық қауымдастық Израильге халықтың жаппай ашаршылыққа ұшырауы мүмкін екенін және бейбіт тұрғындарды қасақана аштықтан өлтіру қылмыс екенін ескертті.

1 мамырда БҰҰ-ның гуманитарлық істер жөніндегі басшысы Том Флетчер адам өмірі мәміле ретінде пайдаланылмауы керегін айтты. 

"Көмекке тосқауыл қою бейбіт тұрғындарды аштыққа әкеледі. Бұл оларды қарапайым медициналық көмексіз қалдырады. Олардың абыройы мен үмітін жояды. Көмекке тосқауыл қою адам өлтіреді", – деді Флетчер. 

ХАМАС гуманитарлық көмекті содырларға беру үшін ұрлады...

Израиль ХАМАС ұйымын содырларға беру үшін гуманитарлық көмекті ұрлады немесе ақша жинау үшін сатты деп айыптады. БҰҰ және басқа да агенттіктер көмекті мақсатсыз пайдалануды жоққа шығарды. Ұйымда қатаң бақылау тетіктері барын мәлімдеді. 

"Біз гуманитарлық көмекті дұрыс тарату үшін бар күшімізді саламыз: "Бізде нақты және сенімді тарату процесі бар. Жүздеген мың адамның аты-жөні, сәйкестендіру нөмірі мен мекен-жайы – лагерьлердің координаттары жинақталған мәліметтер базасы бар", – дейді Матар.

Гуманитарлық қызметкерлер осы аптада қоймалар мен Газадағы негізгі ғимаратта бес тонау оқиғасы болғанын айтты. Біріккен Ұлттар Ұйымының шенеунігі бұл адамзаттың шарасыздығының және күйреуінің белгісі екенін айтты.

Фото: BBC

Бұл жер өмір емес, нағыз қорлық

Гуманитарлық қызметкер Матар тағамның сапасын тексереді. Сосын оны орап, сәлемдемелер таратады. Мұндағы барлық жұмысшылар отбасына азық-түлік алады. Қалғандары есек арбамен қоныс аударған адамдарға арналған лагерь Аль-Мавасиге тасымалданады. Ол жерде ондаған дала бақылаушылары таратуды қадағалайды екен.

Лагерьдегі тауқыметтен шаршаған аналардың бірі Газадағы тіршілігін өмір емес, қорлық деп бағалады. 

"Жағдай қиын. Одан сайын нашарлай береді. Бұл жерде өмір жоқ. Бұл жер қорлықтың ортасы. Бізде жұмыс істей алмайтын ер адамдар бар. Табыс жоқ, барлық өнімдер өте қымбат. Біз ештеңе сатып ала алмаймыз", – дейді әйел. 

Хамастың Израильдің оңтүстігіне жасаған шабуылынан туындаған Газа соғысының басталғанына бір жарым жылдан астам уақыт өтті. Шабуыл салдарынан 1200-ге жуық адам қаза тауып, 250-ден астам адам кепілге алынды. 59 адам әлі тұтқында, оның 24-і тірі деп саналады.

Фото: BBC

Хамас басқаратын Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Израильдің әскери науқаны Газада 52 400-ден астам адамды, негізінен әйелдер, балалар мен қарттарды өлтірді. 2,1 миллион халықтың 90% -дан астамы үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.

Біріккен Ұлттар Ұйымы 18 наурыздан бері лагерьге 500 000-ға жуық адамды көшіріп әкелген. Алдағы уақытта жағдай одан әрі нашарлауы мүмкін дейді. 

25 сәуірде АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль премьер-министрі Биньямин  Нетаньяхуға "Газаға жақсылық жасауымыз керек" деп айтқан еді. Оны аймаққа көбірек азық-түлік пен дәрі-дәрмек жіберуге шақырды. Алайда ресми жауап болған жоқ. Тіпті блокаданы алып тастауды талап еткен Ұлыбритания, Франция және Германияның сынын қабылдамады. Олар керісінше, атысты тоқтату кезінде Газаға 450 мың тоннаға жуық жүк тиелген 25 мыңнан астам жүк көлігінің кіргенін хабарлады.

"Израиль ондағы жағдайды қадағалап отыр және көмек тапшылығы жоқ. Қазір Газаның шекаралық өткелдерінде керек-жарақтар жиналып жатыр”, – деді олар. 

Ал гуманитарлық қызметкер Матар азық-түлік қоры таусылса әрі қарай не істерімізді білмейміз, дейді. 

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 02 Мамыр, 2025 17:09
Талқылау