"Омикрон" теңге құлдырауының себепшісі болды
Жұма күніне бері теңгенің құлдырауы байқалады. Биржада валютамыз екі жарым пунктке төмендеген. Ақша айырбастау орындарында доллар 440 теңгеге сатылып жатыр. Ұлттық банкте теңгенің құлдырауына коронавирустың жаңа штамы "омикрон" мен мұнай бағасы себепкер болғанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Сурет: m.azh.kz сайтынан
"Жаңа штаммен байланысты құбылмалылық салдарынан доллар және өзге валюталар қымбаттай түспек. Мұнай бағасының қымбаттауы және сыртқы нарықтағы жағдайлар ұлттық валютаның жұмадан бері 433,50 теңгеге дейін немесе 0,4% құлдырауына әкеп соқты", - деді Ұлтық банктің монетарлық операциялар департаментінің басшысы Мұхтар Орман.
Вирустың жаңа штамы мұнай бағасын бірнеше күнде 12%-ға төмендеткен. Алайда құлдыраудан кейін мұнай қайта қымбаттай бастады. Дегенмен теңге әлі көтерілмеді. Мамандар қаржы нарығы әлемдік локдаунның қайталану ықтималдылығы салдарынан құбылып тұрғанын айтады.
"Курстың қазіргі күйі сыртқы және ішкі факторлардың әсерінен болды. Мұнай арзандады, АҚШ өздеріне қымбат мұнайдың қажеті жоқ екенін мәлімдеді. Жаңа штамм. Елдер жабылады, яғни еуропалық мемлекеттер толығымен локдаун жариялауы мүмкін. Мұнай бағасы өсуін жалғастырады, бірақ теңге орнынан жылжымайды", - деп болжады экономист Арман Бейсембаев.