Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өлтіріп тастап, менімен телефонмен түк болмағандай сөйлескен": Теміртауда өгей әкесі пышақтаған бүлдіршіннің анасы мәлімдеме жасады

Теміртауда өгей әкесі 18 рет пышақтап өлтірген 2 жасар бүлдіршіннің анасы күйеуімен беттескісі келетінін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана телеарнасына сілтеме жасап. 

Әйел ер азаматтың баланы еш себепсіз неге мұнша азаптағанын түсіне алмай отырғанын жеткізді. Айтуынша, күйеуі балалар үйінде тәрбиеленген, бұрынғы әскери қызметкер, жұмыстан шыққанына біраз болған. Бірнеше жыл бұрын баланы өз атына жаздырып әйелмен заңды некеге тұрған. Екеуі тату-тәтті өмір сүріпті. Әйелдің өзі аспаз болып жұмыс істейді. 21-22-інші наурызда Қарағандыға екі күн жұмысқа кеткен. Күйеуі баласын қарап үйінде қалыпты. Одан мұндайды күтпедім дейді.

“Ол маған хабарлама жазып отырған сәтте баламды баяғыда өлтіріп тастапты. Бұл 22 наурыз болатын. Видеоқоңырау шалайын деп едім ұйықтаймыз шаршадық деді, мен 23-і келетінімді айттым. Келгенде ол есікті ашпады, қоңырау шалып ем кілтті подьезге тастап өзі секіріп өлуге кеткенін айтты. Есікті ашып қан жоса болған баламды көрдім. Өлімші етіп сабап, 18 рет пышақтапты. Не себепті баламды осынша азаптады, соны білу үшін беттескім келеді”, – дейді қаза тапқан баланың анасы Надежда.

Әйелдің айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарында баланың бұдан бұрын да таяқ жегені туралы жалған ақпарат тарап, халық оны жаппай кінәлай бастаған. Алайда бұған дейін өгей әкесі балаға қол тигізбеді дейді. Айтуынша, қазір оған күдіктінің туыстары қоқан-лоқы көрсетіп жатқан көрінеді. Енді ол құқық қорғау органдарынан көмек сұрамақшы. Айта кетейік, 23-наурыз күні Теміртау қаласында пәтерлердің бірінен 2 жасар баланың азапталған денесі табылған болатын. Оқиға орнынан қашып кеткен 24 жастағы өгей әкесі келесі күні ұсталды.

“Жас баланы өлтірді деген күдікпен Теміртау қаласының 24 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол жасаған қылмысы туралы мойындау көрсетпелерін берді. Аталған факт бойынша ҚР ҚК 99-бабы, 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде”, – дейді Теміртау қалалық полиция департаментінің бастығы Мақсат Әшімов. 

Талқылау