Әріптесін соққыға жыққан әнші Мұқасан Шахзадаевқа қатысты қылмыстық іс екі айға созылды

Белгілі заңгер Инга Иманбай “Нұр-Мұқасан” тобының жаңа мүшесі Ғалымжан Сүлейменді соққыға жыққан әнші Мұқасан Шахзадаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары созылып кеткенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Блогер Жан Ахмадиев әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялады. Әріптесінен жәбір көрген әнші Ғалымжан Сүлеймен тергеу жұмыстары екі айдан бері жүріп жатқанын, алайда ешқандай нәтиже көрсетпегенін жеткізді. Оның айтуынша, бұған Мұқасан Шахзадаевтың қатысы бар.
“Көмекші жігіт “Аға, шынымды айтсам, сізді өлтіріп қоя ма деп қорықтым. Талып, есін білмей жатқан кезіңізде үстіңізге шығып тоқпақтап ұрды. Полицейлерді сол үшін шақырдым” деді. Жігіттердің тілімен айтқанда басыма секірген деп те айтуға болады. Жәбір көрген мен болсам да полицейлер келгенде мені алып кетті. Ол кісінің таныс-тамырларын сол кезде қосқаны белгілі болып тұр”, – деді ол.
Ол сондай-ақ Мұқасан Шахзадаев болған оқиғаны бұрмалап жеткізіп жүргенін айтты.
“Уақыт өте келе адам өлген жоқ, қолым да, бетім де жазылды ғой деген ой келді. Бірақ той-домалақтарда отырып мені жамандап, болған оқиғаны бұрмалап жеткізіп жүргенін естідім. Мына істе сол бойынша да шықса деп ойлаймын, өйткені ол кісі жалған әңгіме шығарып, оны сенімді айтып жүр. Тергеушінің өзі мені қайта-қайта шақырды. Бірақ екі ай болды ма әлі созылып жатыр”, – деді ол.
2026 жылға арналған Ораза кестесі жарияланды
Ал заңгер Инга Иманбайдың сөзінше, Қылмыстық кодекстің 107-бабы “Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру” бойынша қозғалған істер әдетте екі аптадан бір айға дейінгі мерзімге сотқа жолданады. Бұл іс баяу жүріп жатыр.
“Тергеу барысы созылып кетті. Шындығын айту керек, мен Мұқасан мырзаның тергеу органдарына ықпалы бар деп санаймын. Өйткені ол кісі тергеуге келген кезде де өзін кінәлі сезінгенін немесе өкінгенін көрген жоқпын”, – деді Инга Иманбай.
Оқиғаның мән-жайы
Еске салайық, бұған дейін Мұқасан Шахзадаев “Нұр-Мұқасан” тобының жаңа әншісін соққыға жықты деп айыпталғаны хабарланған еді.
Кейінірек “Нұр-Мұқасан” тобының әншісі Мұқасан Шахзадаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалған еді. Араға екі күн салып Мұқасан Шахзадаев әріптесін соққыға жыққаны үшін ұсталғаны хабарланды.