Олимпиада жүлдегері Софья Берульцева халықаралық турнирде топ жарды

Римде WKF каратэден 2026 жылдың екінші Премьер-лига турнирінде қазақстандық Софья Берульцева ел қоржынына алтын жүлде салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Софья Берульцева жарыс барысында қарсылас шақ келтірмеді. Отандасымыз +68 келінің шешуші сынында ағылшын елінің өкілі Рошель Уолтерсті 2:1 есебімен ұтты.
Бұл Софьяның Премьер-лига жарыстарында қол жеткізіп отырған екінші алтын жүлдесі. Ол бұған дейін Түркияда өткен Премьер-лига турнирінде чемпион атанған. Айта кетейік, Софья Берульцева Токио Олимпиадасының қола жүлдегері.
Ал -61 кг өнер көрсеткен Әсел Қанай күміс жүлдегер атанды. Жерлесіміз финалда жапониялық спортшы Сарара Шимадамен өзара мықтыны анықтады. Жекпе-жек негізгі уақытта 3-3 есебімен тең аяқталды.
Бірақ Шимада ұпай сапасы бойынша басым түсті. Бұл - Әселдің осы маусымдағы Премьер-лига жарысындағы алғашқы медалі. Ол былтырғы 4 турнирдің нәтижесінде өз салмағында үздік шығып, Grand Winner атағын жеңіп алған.
Сондай-ақ Премьер-лига санатындағы турнирге алғаш рет қатысқан 18 жастағы Мирас Әбдіқадыр (-60 кг) өз салмағында үштікті түйіндеді.
Мирас қола медаль үшін айқаста түркиялық каратэші Бурак Өздемирді 4-3 есебімен тізе бүктірді.
Нәтижесінде Қазақстан жалпы есепте 1 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлдемен үшінші орынға тұрақтады.
Ал Жапония 3 алтын, 2 күміс, 3 қоламен көш бастаса, Италия құрамасы 1 алтын, 1 күміс, 6 қола жүлдемен екінші орынға жайғасты.
"Аяғыма оқ тиіп, кестіруге мәжбүр болдым": Сынаққа сынбаған Паралимпиада чепионы Ербол Хамитов жайлы не білеміз?