Өлімге әкелетін дәрі салған: Германияда дәрігер өзінің қарамағындағы 15 науқасты өлтірді деп айыпталуда
Германияда паллиативтік көмек дәрігері кем дегенде 15 адамды өлтірді деген күдікке ілінді. Деректерге сүйенсек, айықпас дертке шалдыққан адамдарды күту мекемесіндегі қызметкер науқастың келісімінсіз оларға өмірін қиятын дәрі салған. Тағы 75 эпизод бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Deutche Welle порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Басылым мұны Германияда елдің денсаулық сақтау жүйесіндегі кісі өлтірудің ең үлкен оқиғасы екенін жазды. Қазірдің өзінде қамауға алынған паллиативті дәрігерге Берлинде кем дегенде 15 адамды өлтірді деген айып тағылып отыр.
Берлин прокуратурасы 40 жастағы дәрігерге қосымша 75 эпизод бойынша тергеу жүріп жатқанын алға тартты.
"Іс материалдарына сәйкес, дәрігер Берлиндегі науқастарды күту қызметінде жұмыс істеген. Паллиативті дәрігерлер айықпас дертке шалдыққан адамдарды азаптарын жеңілдету үшін көмек көрсетеді. Айыптау 2021 жылдың 22 қыркүйегі мен 2024 жылдың 24 шілдесі аралығында 15 эпизодты қамтиды", – делінген басылымда.
Тергеу мәліметтері бойынша, күдікті "медициналық айғақтарсыз және пациенттердің келісімінсіз" 12 әйел мен үш ер адамға өлімге әкелетін әртүрлі дәрі-дәрмектердің қоспасын салған. Оның қолынан көз жұмған ең жас жәбірленуші 25 жастағы әйел, ең үлкені 94 жастағы әйел болған.
Сондай-ақ прокурорлар айыпталушы дәрігерге өмір бойы медициналық қызметке тыйым салу туралы талап қояды. Полицияның мәліметінше, айыпталушы кездейсоқ адамдарды емес, өз науқастарын ғана өлтірген. Қазір тергеу тағы 75 жағдайда жалғасып жатыр. Тағы бес эксгумация жоспарланған. Барлығы 12 мәйіт анықталды.