Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Өлі адаммен" лифттегі пранк: Қазақстандық блогер желідегі видеосы үшін қамауға алынды

Видеодан скрин

Астанада лифт ішінде пранк жасаған блогер қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Блогер Араш Гасанов Астанадағы бір тұрғын үйдің лифтінің ішінде пранк ұйымдастырып, желіде үлкен наразылық тудырды. 

Видеодан жас жігіттің лифт ішінде жалғыз тұрған сәтін көруге болады. Сол кезде блогер мен оның достары лифтке беті жабық "өлген адамның денесін" кіргізіп, өздері кетіп қалады. Кейін кенеттен жарық сөніп, қараңғылық "өлген адам" оянып, жігітті қорқытады.

Осыдан кейін Гасанов пранк екенін айтып және қорыққан жігітке тіс есханасының 30 мың теңгелік сертификат табыстайды. Осы пранк арқылы блогер тіс клиникасын жарнамалапты-мыс.

Әлеуметтік желі қолданушылары бұл әрекеттің қауіпті екенін, мұндай әзілдің адам денсаулығына зиян тигізуі мүмкін екенін атап өтті.

"Ал егер адамның жүрек ауруы болса ше?", "Бұл әзіл емес. Жігіт қорқыныштан өліп кетуі мүмкін еді", – делінген пікірілерде. 

Астана қалалық полиция департаменті желіде тараған видеоға қатысты пікір білдірді. 

"Барлық қатысушылар анықталып, ұсталып, жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен ұйымдастырушыға 30 тәулікке қамау, қалғандарына – 15 тәулікке қамау түріндегі жаза тағайындалды", – делінген полиция хабарламасында. 

Полиция департаменті блогерлерді танымал болуға деген ұмтылыс айналадағы адамдардың тыныштығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндірмеуі тиіс екенін естен шығармауға шақырды.

Дана Русланқызы
Жұма, 16 Мамыр, 2025 21:23
Талқылау