Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Таныстарын құжат жүзінде жұмысқа алған": Алматыдағы 38 миллион теңге жымқырған мектеп бухгалтері шартты жазамен құтылып кетті

Алматыдағы аудандық соттардың бірі №5 гимназияда дебет пен кредитті біріктірген Айнагүл Ізтелеуоваға қатысты үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Журналист Михаил Козачков келтірген мәліметке сәйкес, Айнагүл Сарыбекқызы 2023 жылдың көктемінде танысын тарих пәнінің мұғалімі ретінде жұмысқа орналастырған. Осылайша танысына 3 айлық жалақы мен 3 миллион теңгеге жуық қосымша үстемақы берген.

Мұның бәрін ол “1С Бухгалтерия” бағдарламасы арқылы жасаған. Сондықтан оның әрекетін ешкім байқамаған. Жазда Ізтелеуова тағы бір танысының құжатын пайдаланып, математика пәнінің мұғалімі етіп бекіткен. 4 айға жетер-жетпес уақытта жұмыста жоқ, алайда құжат жүзінде бар адамның картасына 8 миллион теңгеге жуық ақша түскен. 

Сондай-ақ бухгалтер ағылшын тілі мұғалімін жұмысқа орналастырып, бір айлық жазғы демалысына 830 мың теңге төлеген. 



“Жаз айында №5 гимназияның "1С Бухгалтериясында" математика, физика және басқа да пәндердің мұғалімдері пайда болған. Олардың барлығы бірнеше ай жұмыс істеп, осы уақыт ішінде 2, 4 миллиондай табыс тапқан. Бухгалтер жарты жыл ішінде өзіне де 2 миллионнан астам ақшаны артық төлеген”, – деп жазды журналист. 

Жалпы алғанда, схема 2024 жылдың ақпанына дейін жұмыс істеген. Сол мерзімде аудит мектептегі нормадан тыс шығындарды анықтаған.

Бір күн жұмыс істемеген 13 мұғалім бюджеттен 38 миллион 60 мың теңге алған. Жауап алу кезінде олар барлық ақшаның Ізтелеуоваға аударғанын айтқан.

“Ұрлық жай ғана – салыстыру арқылы ашылды. Неге екені белгісіз, шамамен бірдей оқушылар саны мен бірдей штаты бар ұқсас мектептерде жалақы қорлары әртүрлі болды. Осылайша №5 гимназия мемлекеттік аудиторлардың, одан кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тергеушілерінің жіті назарына ілікті. Ал бухгалтердің үстінен қылмыстық іс қозғалғанда, ол шығынды өтегендіктен, сот оған жұмсақтық танытқан. Судья Жанат Әбенова Айнагүл Ізтелеуованы 7 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды”, – деп жазды Козачков.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Алматының он мектебінде осындай заңбұзушылықтар анықталды. Жалпы шығын шамамен миллиард теңгеге тең. Бір қызығы, осы істердің аясында қалалық білім бөлімінің басшысы Ләззат Жылқыбаеваның лауазымы жоғарылап, 2024 жылдың шілде айында Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі болды.

Айта кетейік, бұған дейін Талдықорғанда мектеп пен білім бөлімінің 21 есепшісі қаржы жымқырды деген айыппен сотталған еді. Айыпкерлердің арасында екі айлық сәбидің анасы да бар екен. Сотталғандардың бірі Дана Шәріпованың емшектегі екі айлық сәбиі бар екен. Ол сот барысында босанған екен.

Талқылау