Ольга Шишигина дау болған допинг нәтижесіне күмәнмен қарайтынын айтты
Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты, 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының чемпионы Ольга Шишигина қазақстандық ауыр атлеттеріне қатысты төрт жылдан бері допинг сақталып келген деген нәтиженің күмән тудыратынын айтты.
Халықаралық ауыр атлетика федерациясы Халықаралық олимпиада комитетінің қайтара анализ жасауына байланысты, 2012 жылғы Лондон олимпиадасының нәтижелеріне қатысты допинг дауы туындағанын мәлімдеді. Допинг қабылдады деп қазақстандық спортшылар – Светлана Подобедова, Мая Манеза, Илья Ильин, Зульфия Чиншанло күдікке ілінген еді.
Допинг қабылдады деп айыпталған үш зілтемірші спорттан шеттетілуі мүмкін екені хабарланды.
«Негізінде ереже бойынша жарыстан кейін, бір аптадан кейін тексеру керек. Олар 4 жыл өткен соң тексеріп жатыр. Бұл дұрыс емес. Қазір фармацевтика бір орында тұрмайды. Біз де сонымен бірге алғы жылжып келеміз. Енді бізге күтуге тура келеді. Наразылық та білдіреміз. Өйткені 4 жыл ішінде сынақ контейнер ішінде жатты. Онымен небір нәрселер істеуге болатын еді», – дейді Шишигина.
Оның айтуынша, қазақстандық атлеттердің апелляцияға арыз беруіне бір ай уақыты бар.
«Біздің атлеттеріміз қайтадан сынақтан өтіп, оның нәтижесін Фдерациядан күтетін боламыз. Ешбір споршымыздың еңсесі түспесін. Үмітіміздің үзбейік. Біздің олармен бірге екенімізді есінде ұстасын», – дейді депутат.
Допинг дауына қатысты Подобедова пікірін білдіріп, Ильин халықтан қолдау сұраған болатын.