"Өлердей жақсы көремін": Жұлдыз Әбдукәрімова жүрекжарды жазба жариялады
Фото: https://www.instagram.com/zhuldyzabdukarimovaofficial/
Танымал әнші Қайрат Нұртастың жары әрі актриса Жұлдыз Әбдукәрімова әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, театрда өнер көрсеткен кезінен естелігін бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі театрды қатты сағынатынын айтып, жұмыс барысындағы қиындықтарды есіне алды.
Мәселен 2021 жылы Түркістан қаласында қойылған “Махаббат мұнарасы” спектаклі кезінде күрделі декорация салдарынан аяғын жарақаттап алған. Ауырсынуға қарамастан қойылымды соңына дейін ойнап шығып, келесі күні аяғын таңып алып қайта сахнаға шыққан.
“2023 жылғы желтоқсан. Жетісай қаласында “Қара шекпен” қойылды. Біріншіден ғимарат көне болғандықтан, сахна едендері дірілдеп тұр. Ер адамдар Көкшолаң рөлінде болғандықтан қасқырша мінез көрсету керек болды. Арпалыста еденнен құлап, жамбас сүйек қозғалып кетті. Көзден от шықты. Бірақ премьера 3 күн еді. Тағы таңып алып шапқыладым”, – деп жазды ол.
Ал 2024 жылғы қаңтарда Атырау қаласында “Махаббат қызық мол жылдар” қойылымы 3 күн қатарынан аншлагпен өткен. Дәл сол кезеңде актрисаның денсаулығы сыр берген. Дегенмен ол сырқатына қарамастан кейіпкердің ішкі жан дүниесін көрерменге жеткізу үшін сахнаға шыққан.
“2025 жылғы ақпан. Өскеменде “Шынарым менің, шырайлым менің” повесінің желісімен қойылым қойдық. Бұл өңірдің қысы бөлек екенін айтпасам да білесіз ғой?! Қаһарына мініп тұрған аязда үсіп қалдым. Қол-аяғым бүгілмей, сүйектерім сырқырап, қызуым көтеріліп жүріп ойнап шықтым. Оған қоса аяғым ауыр еді”, – деп жазды ол.
Ол жазбасында мамандығына деген ерекше махаббатын жеткізген.
“Мұның бәрі не жанкештілік дерсіз?! Бұл – мамандыққа деген махаббат еді. Өз саламды өлердей жақсы көремін. Ешқашан қол үзбесім анық. Шамам жеткенше театр сахнасында қызмет етсем арман жоқ”, – деп жазды ол.
Айта кетейік, бұған дейін Қайрат Нұртас пен Жұлдыз Әбдукәрімова тұңғыш қызының туған күнін Мальдив аралдарында тойлағаны хабарланған еді.
Жаңа үйленсе де өзге қыздарға жазады: Қазақстандық психолог неліктен ерлердің опасыздыққа баратынын айтты