"Біздің тема": Шерзаттың өлімінен кейін айыпталушылардың әңгімесі жария етілді
Тікелей эфирден скриншот
Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша сотта оқиғадан кейін айыпталушылар отырған Toyota Prado көлігінің видеорегистраторындағы жазба жарияланды. Онда күдіктілер дүкен маңындағы төбелестен кейінгі жағдайды талқылайды. Жазба мен фонограммалық сараптаманың нәтижелері сот процесінде зерттеліп, маңызды дәлел ретінде қарастырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев сотта жазбаның стенограммасын жария етті. Жазбада сотталушылар Нұрқияс Ильясов, Абзал Шынасыл, Равиль Сакиев, сондай-ақ іс бойынша куәгер ретінде өтетін екі қыз бен екі жігіттің дауыстары естіледі.
Машинада болған жазбаға қарағанда, фигуранттар Нұрқияс Ільясов пен Абзал Шынасыл болған жағдайды қызу талқылаған. Бұл ретте Нұрқияс Ільясов болған оқиғаны "біздің тема" деп атаған.
Жазбадағы деректерге сәйкес, олар кафеден кейін "әкімдіктің алдында ішеміз" деп отырған. Сондай-ақ Грузия мен Ресейге кетуге болатыны жайлы да талқылаулар болған.
Сөйлесу барысында бейәдеп сөздер жиі естілген.
"Талып қалды. С..а, шатыры тайып кетті ғой", – деген Абзал Шынасыл.
Сол сәтте Шынасыл көлікте отырған Юлдаш Рузбакиев пен Арлан Кәскеновке ескертіп, "ештеңе көрмедік деп айтыңдар, ауыздарыңды жабыңдар" дейді.
Жазбада сондай-ақ төбелес болған жерде қандай да бір дәлел қалды ма, жоқ па деген де әңгіме болған. Біреудің "Хутор келді" дегені естілген.
"Ұсталсақ не дейміз?" – деген дауыс естілген жазбада.
Сотта жазбада айыпталушы Равиль Сакиевтің дауысы естілгені оқылып берілді.
"Әй, дос, анау өліп қалды ма, не дейді? Жүрші, ..., сотталсақ, сотталып кетейік!" – деген Равиль Сакиев.
Осыдан кейін жәбірленушілер тарапы Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша куәгерлер Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыкелдіден қайта жауап алу үшін сотқа шақыруды сұрады.
Сот отырысының басында жәбірленуші тарап куәгерлер Эльмира Нұрбекова, Арлан Қазыкенов және Дана Жақсыкелдіні сотқа шақыру туралы өтініш берді.
"Видеожазбадан Нұрбекованың шок болмағанын көрдік. Сондықтан оны куәлік беруге шақыруды сұраймыз. Оның іске қатысы бар деп есептейміз", – деп түсіндірді жәбірленушілердің адвокаты.
Судья Ержан Жанұзақов куәгерлерді күдікті ретінде қамауға алу туралы шешім болмағандықтан, бұл өтінішті қанағаттандырмады.
Жәбірленушілердің адвокатының айтуынша, Шерзат Полаттың отбасы денсаулық жағдайына байланысты сотты оларсыз өткізуді сұраған.
"Олардың да жауабы әртүрлі болды, бізге жауап беруге міндетті", – деп қарсылық білдірді сотталушы Абзал Шынасылдың адвокаты Жұман Әбенов.
Бірақ бұл мәселе бойынша судья жауап алу кезінде куәлардан сұрауға мүмкіндік берілгенін айтты. Сот жәбірленушілерсіз қарауды жалғастыру туралы шешім қабылдады.
"Сіздің шешіміңізбен келіспеймін, өйткені біз басында жәбірленушілерден жауап алған кезде кейбір материалдар зерттелмеген деп, өзіңіз тоқтатқан едіңіз. Қазір біз оларды зерттедік, көптеген сұрақтар бар", – деді сотталушы Дидар Қалиахметтің адвокаты Баймұханова.
Еске салайық, 2024 жылы 4 қазанға қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Оның өлімі қоғамда үлкен наразылық тудырды. Марқұмның әкесі туыстарымен және жергілікті тұрғындармен бірге әділ тергеу жүргізуді талап етіп, наразылық ұйымдастырды. Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Нұрымовтар отбасының үйі толығымен өртеніп кетті. Бас прокуратура өрттің қасақана жасалғанын мәлімдеді. Алайда үйді өртеген күдіктілер әлі күнге табылған жоқ.
Сот отырысында Шерзат Полатты өлтірді деп айыпталғандардың қылмыстан кейінгі видеотіркегішке жазылған әрекеті көрсетілді.

"300 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін барады”: Қазақстандықтар өлімнен кәсіп істеп отырғандардың әрекетіне наразы
