Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Погонмен ғана ажыратамыз": СҚО полиция департаментінде егіз әпкелер қызмет етеді

Лидия мен Надежда СҚО ПД қызмет етедіФото: СҚО ПД

Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаментінде егіз әпкелер жұмыс істейді. Әріптестері оларды иық белгісі бойынша ажыратады. Бұл турады Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Лидия Логинова мен Надежда Хлевова – Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті аппаратында қызмет етіп жүрген егіз әпкелер. Оларды түр-келбетінен ажырату оңай емес: Лидия ішкі істер органдарына 2012 жылы келген, бүгінде полиция майоры шенінде. Ал биыл ғана форма киген Надежда әзірге лейтенант погонын тағады. Бұған дейін ол азаматтық ұйымның қызметкері болған.

Бұл – олардың өмір жолдарының уақытша екіге бөлінген сирек сәттерінің бірі. Бала кезінен бірге өскен егіздер барлығын қатар атқаратын: еңбекті де, бос уақытты да бірге бөлісті. Мектептен кейін бір колледжде оқыды, жоғары білім алуда да бір-біріне демеу болды. Тек спортқа келгенде Лидия көбірек уақыт бөлді: жас кезінен конькимен шұғылданып, 2019 жылы қысқы президенттік көпсайыс бойынша спорт шебері кандидаты атанды.

Дәл осы спорт оны полиция қызметіне әкелді: ол арнайы күзет қызметінде еңбек етті, ал 2017 жылдан бастап СҚО ПД арнайы және кәсіби дайындық басқармасына ауысып, бірнеше жыл бойы инструктор ретінде жеке құрамды оқытып, қызметкерлердің дене даярлығын нығайтты.

Биыл Лидияның өмірінде екі маңызды оқиға болды. Біріншіден, ол көптен бері армандаған арнайы жедел әрекет ету жасағына өтті. Оның пікірінше, бұл бөлімше оның кәсіби әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді.

“Бұл – өмірімдегі маңызды белес. Осындай жауапты қызметке қабылдау мүмкіндігін бергені үшін ризамын", – дейді ол.

Екіншіден, полиция қатарына Надежда да қосылды. Қазір ол қоғамдық қауіпсіздік басқармасының үгіт-насихат тобында қызмет атқарады.

“Біз әрдайым бірге болуға тырысамыз. Бір-бірімізге жақын жүрген сайын өзімізді сенімді сезінеміз, – дейді Надежда. “Азаматтық қызметтің өз тыныштығы бар, бірақ мені тәртіп, жауапкершілік және еңбегімнің адамдарға қажет екендігін айқын сезіну көбірек тартады”.

Логинова мен Хлевова әпкелері бүгінде полиция погонын тағып, өмір жолдарын енді қызметте де бірге жалғастырып келеді. Олардың өмір соқпағы – адалдықтың, тәртіптің және қоғамға пайда әкелуге деген ұмтылыстың жарқын үлгісі. Енді олар қатардағы полиция қызметкерлері ретінде Заң мен Тәртіпті қамтамасыз етуге бірге үлес қосуда.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда полицейлерге жол жиегінде көлікті ала таяқпен тоқтатуға қайта рұқсат берілетіні хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Сәрсенбі, 26 Қараша, 2025 16:44
Талқылау