Әнұран орындаудан бас тартқан Иран футболшыларына Аустралия баспана бермек

Футболдан Азия кубогы аясындағы матч алдында Иран әйелдер құрамасы мемлекеттік әнұранды айтудан бас тартқан еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
BBC мәліметінше, бұл әрекет Иран қоғамында қатты сынға ұшыраған. Кейін ирандық футболшылар 5 наурызда Аустралияға қарсы (0:4) және 8 наурызда Филиппинге қарсы (0:2) өткен матчтарда әнұранды айтып, әскери сәлем берген.
Сонымен қатар CNN және BBC Иран құрамасының бес ойыншысы қонақүйден кетіп қалғанын және қазіргі уақытта "қауіпсіз жерде" екенін хабарлады. Осы жағдайдан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Азия кубогы аяқталған соң Иран әйелдер құрамасының ойыншыларына Аустралияда баспана беруге шақырды.
Бұл туралы ол өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. Трамптың айтуынша, егер Аустралия билігі футболшыларды Иранға күштеп қайтарса, бұл "аса ауыр гуманитарлық қателік" болмақ.
"Олай жасамаңыз, премьер-министр мырза! Оларға баспана беріңіздер. Егер қаламасаңыздар, оларды АҚШ қабылдауға дайын", – деп жазды Трамп.
Ол сондай-ақ футболшылар Иранға оралған жағдайда "өлтірілуі мүмкін" екенін айтты.
Айта кетейік, Иран әйелдер құрамасы Азия кубогы аясындағы Оңтүстік Кореяға қарсы ойын алдында мемлекеттік әұранды айтудан бас тартты. Әлеуметтік желі қолданушылары бұл әрекетті “Иран әйелдер құрамасының қазіргі режимге қарсылығы” деп бағалап жатыр. Алайда бұл әрекеттің нақты себебі әзірге белгісіз. Құрама ойыншылары да, бас бапкер Марзие Джафари Әли де бұл жағдайға қатысты нақты түсініктеме беруден бас тартқан еді.
Қазақстан әйелдерінің үйдегі тегін еңбегінің құны қанша: Есептеп көрдік