"Олар шоу көрсетті": Сыртқы істер министрлігі Катарда қалып қойған қазақстандықтардың өзін қалай ұстағанын айтты
Фото: freepik.com
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты елге қайта алмаған қазақстандықтардың өзін қалай ұстағанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Смадияровтың айтуынша, шиеленіскен жағдайға қарамастан өзге елде қалып қойған қазақстандықтар шу шығарған. и
"Әлеуметтік желілерде өте көп сұрақ туындады. Біз сол кезде әуежайларда қалыптасқан жағдайды бақылап отырдық. Мысалы, Доха әуежайын алайық. Шамамен 45 мың турист Катарда қалып қойды. Өйткені 2-3 күн бойы жағдай түсініксіз болды. Барлық әуе компаниялары физикалық түрде ұша алмады. Аспан жабық болды. Соған қарамастан, тіркеуде тұрған 150 азаматымыз шоу көрсетті. Олар "Үкімет қайда?", "Ұшақтар қайда?", "Неге бізге жағдай жасалмайды?", "Бес жұлдызды қонақүй қайда?" деп сұрады", – дейді Смадияров.
Оның айтуынша, әлемде тосыннан болған жайды халық түсінуі керек еді.
"Ең бастысы талап-шағым айту емес елге аман-есен жету. Кейін, елге оралған соң, өздеріңіздің әуе компанияларыңызға не туристік агенттіктеріңізге қандай талап қойсаңыздар да, өз еркіңіз. Бұл – форс-мажор. Сіздер мұны жақсы түсіну керексіздер. Бірақ азаматтар елшілігімізді арыз-шағымға толтырып тастады. Әрине, бұл көптеген сұрақтар туындатады", – деді Смадияров.
Оның айтуынша, бұл адамдар Сыртқы істер министрлігінің ескертуіне қарамастан демалысқа ұшып кеткен.
"Олар әуежайда айғайлап, жерді тепкілеп, жанжал шығарды. Шетелдік азаматтардың бәрі тыныш, байсалды отырды. Тіпті оларға дипломаттары да келмеді. Ал біздің үш дипломатымызға балағат сөздерді естуге тура келді", – деді Смадияров.
Айта кетейік, бұған дейін Катарда қалып қойған қазақстандықтар қиын жағдайға тап болғаны туралы жазған едік. Қазақстандықтар әуе кеңістігі ашылғанымен, Қазақстанға рейс туралы ақпарат жоғын айтқан. Сондай-ақ олар Қазақстанның Дохадағы елшілігінің әрекетіне де толық көңілдері толмайтынын жеткізген.