Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Олар менің туған қыздарым емес": Тұрсынғали Алагөзов Айсәуле мен Айару жайлы тіл қатты

Тұрсын мен Баянның қыздарыФото: instagram.com/bayanmaxatkyzy

Танымал кәсіпкер Тұрсынғали Алагөзов “Әке” подкастына берген сұхбатында жары Баян Алагөзованың қыздары Айсәуле мен Айарумен қандай қарым-қатынаста екенін айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Кәсіпкердің айтуынша, олардың арасындағы байланыс шынайы да мөлдір сезімнің негізінде қалыптасқан.

“Олар менің туған балаларым емес. Олар мені “аға” деп атайды. Мен оларға туған адам емеспін, бірақ тағдырдың жазуымен олардың анасының күйеуі болдым. Олар мені таңдаған жоқ. Мен оларға бұйырдым, олар маған бұйырды”, – деді ол.

Ол қыздардың өз әкелері бар болса да, соған қарамастан олармен жақын әрі сенімді қарым-қатынас орната алғанын атап өтті.

“Олардың өз туған әкесі бар – олар оны жақсы көреді, құрметтейді, араласып тұрады. Бұл – менің ісім емес: ол – олардың әкесі, аралассын. Бірақ оның Баянмен арасында бір нәрсе болған сияқты, жолдары екіге айырылып, балалар қалған. Мен түсінемін: олар маған туған болмаса да, өте жақын болып кетті. Мұнда бір ғана жол бар екенін де түсінемін – ол махаббат”, – деді ол.

Тұрсынғали Алагөзовтің сөзінше, Айсәуленің мінезі ашық, сондықтан онымен түсінісу жеңілірек. Ал Айару керісінше, тұйық әрі өте талапшыл, сондықтан онымен тіл табысу қиынға соққан. Дегенмен кәсіпкер оның осы болмысына құрметпен қарап, іштей сүйсінетінін жасырмады.

“Мен оған әрдайым таңғаламын – қолынан көп іс келеді, ісмер, тамақ та дайындай алады, тәтті де пісіреді. Бірақ сонымен қатар өзіне де, айналасына да талап қояды. Онымен тіл табысу маған қиындау. Дегенмен мен істей алатын жалғыз нәрсе – оларды шексіз жақсы көру екенін түсінемін”, – деді ол.

Кәсіпкер әрдайым бәрі оңай бола бермейтінін, кейде қиын сәттерді бастан кешетінін айтты. 

“Бірақ ересек адамдармыз, даналығымыз бар, көп нәрсені түсініп, кешіре білуіміз керек. Кешірген кезде өзіңе де жеңіл болады. “Кешірсең – әлсізсің” деп ойламау керек. Сүю керек, кешіру керек – сонда өмір жеңілдейді”, – дейді ол.

Тұрсынғали Алагөзов сондай-ақ Айсәуленің күйеуі Әлішер Кайдаров жайлы да сөз қозғады. Кәсіпкер былтыр Әлішердің әкесі бақилық болғандықтан, бір жағынан оның әкесінің орнын басып жүргендей сезінетінін айтты. 

“Оған бір нәрселерді үйретуге мүмкіндігім бар. Мектепте не институтта үйрететін білім өмірді толық үйретпейді. Сондықтан мен оған да, өз балаларым сияқты, көңіл бөліп, тәлім беруім керек екенін түсінемін”, – деді кәсіпкер.

Айта кетейік, бұған дейін Тұрсынғали Алагөзов үлкен балаларымен татуласып, оларды кіші қыздарымен таныстырғаны хабарланған еді. Кәсіпкер әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялаған. Кадрлардан оның ересек ұлы мен қызы кішкентай Алма мен Алисаны ойнатып жүргенін байқауға болады. Бұл видео желі қолданушыларының назарын бірден аударды. Олар жаңалықты жылы қабылдап, түрлі пікір қалдырған. Ал кейбір қолданушылар кәсіпкер балаларымен “татуласты” деп топшылаған.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 13 Сәуір, 2026 20:22