Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Олар менің өлгенімді қалады ма": Қазақстандық журналист балағаттап, күш көрсетті деп полиция қызметкерлеріне шағымданды

Қазақстандық журналист Диана Сапарқызы қазақстандық полицейлердің заңсыз әрекетіне шағымданды. Айтуынша, құзырлы орган қызметкерлері түн ортасында жезөкшелерді іздеп үйінің есігін қағып, қорқытқан адамға байланысты арызын қабылдарда журналистке түрлі балағат сөздер айтқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КазТаг порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Журналист қазақстандық полициядан қатты көңілі қалғанын жеткізді. Тіпті Қарағанды ​​облысы полиция бастығы Санжар Әділовтен алған медальды олар бетіңе лақтыруға дайын екен.

“Бұл бізді қорғауы тиіс полицияның сыйқы ма? Бұл оқиғаны ешкім басынан өткергенін қаламаймын. Бүгін сағат 00:13-те ұйықтап жатқанымда белгісіз біреу есігімді жұлып алардай қаққанынан шошып ояндым. Келген адам “Жұлдыз, аш, мен саған ақшасын төлеп қойғанмын!" деп айқайлады. Мен ол кісіге Жұлдыздың мұнда тұрмайтынын айттым. Алайда ол есікті қоймастан қағып, “Аш, мен саған қазір көрсетемін” деді. Сөйтіп ол жарты сағаттай есігімді қақты. Қорыққанымнан 102 нөміріне полицияға хабарластым. Полиция 30 минуттан кейін бір-ақ келді. 30 минутта адам өлтірілуі мүмкін ғой. Әлде олар менің өлгенімді қалады ма?" – деді Сапарқызы.

Диананың айтуынша, есігін қаққан ер адам жезөкшемен “ҚыздарНет” арқылы байланысқа шығып, олардың профиліндегі мекенжайына келген.

“Бұл адам Жұлдыз атты әйелге 80 мың теңге аударып, маған келген. СМС-ті көрсетуін өтінгенімде ол өшіріп тастағанын айтты. Ең сорақысы, арызымды қабылдау үшін мені осы кісімен бірге Михайловское полиция бөліміне апарды. Тергеуші Жалғас Тұрсынов менің арызымды қабылдағысы келмей, мені итеріп, маған күш қолданды, тіпті жаман сөздермен балағаттады”, –  деді журналист.

Кейін арызымды учаскелік полиция қызметкері қабылдады.

"Екі арыз жаздым. Біріншісі – Жұлдызды іздеп, маған келген адамға, екіншісі – балағаттап, итерген полицейге. Бұл – масқара! Енді Жұлдызды іздегендердің бәрі менің үйіме келеді екен? Ұят! Полиция ол адамды неге жіберді? Сағат түнгі 2-де үйіме күйзеліске түсіп оралдым", – деп қосты Сапарқызы.

Диана Сапарқызы – ҚазТАГ порталының Қарағанды ​​және Ұлытау облыстары бойынша меншікті тілшісі. Ол тергеуші Тұрсыновтың әрекетіне қатысты облыстық полиция департаменті (ПД) мен Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметтеріне сауал жолдаған. Ішкі істер министрлігі пікірдің дайындалып жатқанын жеткізді.

Гүлсезім Мұхатай
Сәрсенбі, 28 Маусым, 2023 09:57