Мектептерде бітіру кешін өткізуге тыйым салу – заңсыз, министрлікте мұндай құқық жоқ – Заңгерлер
Фото: Сюжет кадрларынан скрин
Қазақстандық заңгерлер аттестаттарын алған түлектерге сән-салтанатты банкеттер жасауға мектеп әкімшілігі тыйым сала алмайтынын жеткізді. Айтуларынша, бітірген түлектерге бұдан соң ата-аналар ғана жауапты болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқу-ағарту министрлігі бітіру кештері мен көлік жалдауға тыйым салынғанын ескертіп келеді. Алайда заңгерлердің айтуынша, аттестат алғаннан кейін мектеп оқушылары оқушы мәртебесінен айырылады. Яғни оларға енді ата-аналары ғана жауап береді.
Рестораторлардың айтуынша, биыл бітіру кешін мейрамханаларда өткізуге қызығушылық айтарлықтай төмендеген. Бұдан бөлек, іс-шаралардың басым бөлігі кешкі сағат 7-ден 11-ге дейінгі уақыт аралығында ғана өтіп жүр.
“Ата-ана міндетті түрде бірге жүруі қажет. Бір оқушының қасында бір ата-ана болуы керек. Әдетте бізде 3-5 сыныптан көп брондап жатады. Қонақ саны 120-дан 200-ге дейін, кейде одан да көп болады”, – деді "Hayat" мейрамханасының әкімшісі Азиза Сооатова.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұған дейін ата-аналар мен түлектерді мектептегі салтанатты шараларды қымбат кештерге айналдырмауға, мейрамхана мен дәмханаларда бітіру кешін тойламауға шақырған еді.
“Кез келген ауқымды шаралар, салтанатты кештерге ақша жинау, аниматорлар мен ивент-агенттіктерді тарту, көлікпен серуендеу ұйымдастыру – мұның бәріне тыйым салынған. Бұл ең алдымен балалардың қауіпсіздігімен байланысты”, – деді Оқу-ағарту министрлігі тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Қалмақов.
Бірақ заңгерлердің айтуынша, мектеп қабырғасында өтетін бітіру кештері үшін жауапкершілік оқу орнының әкімшілігінде. Алайда мектептен тыс жердегі іс-шараларға тек ата-аналар жауап береді. Сондықтан кафе немесе мейрамханада өтетін кештерге заң жүзінде тыйым сала алмайды.
“Барлық бітіру кештері мектепте емес, түрлі кафелерде, мейрамханаларда өтеді. Үй жалдап тойлайды. Онда не болып жатқанына мектеп жауап бермейді. Оның үстіне аттестат алып қойғандықтан енді олар оқушы емес. Олардың балалық шағы аяқталды. Мектеп әкімшілігінің оларға ешқандай құзыреті жоқ. Полиция да тыйым сала алмайды”, – деді заңгер Сергей Уткин.
Алайда заңгерлер 18 жасқа толмаған жасөспірімдердің түнгі уақытта қоғамдық орындарда ересектердің қарауынсыз жүруіне рұқсат жоқ екенін еске салды. Бұдан бөлек, заң бойынша кәмелетке толмағандарға алкоголь ішуге тыйым салынған. Бұл үшін жауапкершілікті жасөспірімдер де, олардың ата-аналары да бірдей көтереді. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл 217 мың түлек мектеп бітіреді.