Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жұмысқа қайта барғысы келмейді": Burger King қызметкеріне қатысты дау жалғасуда

Фото: Ашық дереккөзден

Burger King жылдам тамақтану желісіндегі аутизмі бар қызметкерге қысым көрсетілуіне қатысты дау жалғасуда. Әлібектің анасы ұлының жұмысқа қайтып барғысы келмейтінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында Әлібектың анасы Жанат Қаратай ұлының жұмыстан босатылуына байланысты өтінішті компанияға ресми түрде өзі тапсырғанын және болған жағдайдың себептерін түсіндіруді сұрағанын растады. Кездесу кезінде компания өкілдері басшылықтың ұстанымын жеткізген.

 

"Мен Әлибек қол қойған өтінішті алып келіп, компания ішінде не болғанын және оның жұмыстан босатылуына не себеп болғанын түсіндіруді өтіндім. Ұлымның жағдайы ауыр болды, біз дәрігерге жүгінуге мәжбүр болдық. Қолында аурухана парағы да болды. Артынша ұлым еңбек демалысын пайдаланды. Соңында компанияның ерекше қажеттілігі бар адамға түсіністік танытқысы келмейтіні белгілі болды", – деді Жанат Қаратай.

Оның сөзінше, компания тек мәселе қоғамда дау туғызған соң ғана байланысқа шыққан. Оған қоса, отбасы Әлібектің бұрынғы жұмыс орнына қайтып бармайтынын айтты.

"Ол жұмысқа қайта барғысы келмейді. Қазіргі таңда жағдайы тұрақталды, енді басқа компаниялардан түскен жұмыс ұсыныстарын қарап жатырмыз", – деді ол.

Оған қоса Әлібектің анасы компания қызметкерлерінен көптеген хабарламалар алғанын, олардың айтуынша, басшылық ауысқаннан кейін жұмыс атмосферасы айтарлықтай нашарлағанын жеткізді. 

"Қоғам тарапынан көрсетілген қолдау мені қуантты. Инклюзивтілік қағидаттары тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде де жүзеге асса екен деймін", –  деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, жағдай әлеуметтік желілерде әлі де қызу талқылануда. Пайдаланушылар ішкі тексеріс нәтижелерінің ашық болуын және компания тарапынан егжей-тегжейлі түсініктеме берілуін талап етуде.

Оқиғаның мән-жайы

Айта кетейік, бұған дейін аутизмі бар қызметкердің анасы басшылықты қысым көрсетті деп айыптағаннан кейін Burger King Kazakhstan-да жанжал шыққаны хабарланған еді.

Әлеуметтік кәсіпкер және аутизм мәселелері бойынша сарапшы Жанат Каратай Threads желісінде аутизмі бар ұлы Әлібектің жұмыс жағдайына қатысты жазба жариялады. Оның сөзінше, аутизмі бар баласы шамамен төрт жыл Burger King-те аспаз болып жұмыс істеп, ұжымға бейімделіп, қосымша жұмыс істеп, жұмыс кестесі мен демалысын жоспарлап жүрген. Айтуынша, компания бұрын қызметкерлерді қолдап келген, бірақ басшылары өзгергелі жағдай да өзгерген.

“Ол төрт жыл бойы тұрақты жұмыс істеді, жалақысын алды, тапқан ақшасын қуана жұмсады, ұжымға бейімделгенін сезді, қосымша сағаттарда жұмыс істеді, демалысын жоспарлады, бір филиалдан екіншісіне ауысты. Бұл – біздің әкімшілер мен менеджерлермен бірге атқарған жұмысымыз. Бірақ жаңа басшы Сергей келгелі бәрі өзгерді. “Көзге көрінбейтін қысым” басталды. Күзден бастап Әлібек өзіне ұқсамай кетті. Жұмыстан кетуге мәжбүрлеп жатқандарын білгенде ғана мән-жайды естідік”, – делінген жазбада.

Әлібектің анасы жаңа басшымен жеке сөйлесуге тырысқан, бірақ бұл жағдай ештеңені шешпеген.

Кейін Жанат Қаратай өзіне компанияның бұрынғы және қазіргі қызметкерлері жаңа менеджмент тарапынан еңбек құқықтарының бұзылуы немесе қысым көрген жағдайлар туралы хабарламалармен жүгінгенін айтты.

Болған жағдайға қатысты Burger King мәлімдеме жасап, мән-жайды түсіндірді. Компания “Әлібек Қаратай жұмыстан шығарылды” деген ақпаратты жоққа шығарды.

Артынша аутизмі бар қызметкерге қысым көрсеткен менеджерлер жұмыстан босатылды. Сондай-ақ олар жағдайдың мән-жайын анықтау үшін тергеу әлі жалғасып жатқанын алға тартты.

“Қабылданған басқарушы шешімді ескере отырып, аумақтық менеджерлер Сергей мен Анастасия енді компания қызметкерлері емес екенін хабарлаймыз. Burger King Kazakhstan кемсіту, құрметтемеу немесе Қазақстан Республикасы азаматтарының қадір-қасиетіне, намысына тиетін кез келген сөз, әрекет түрін үзілді-кесілді түрде қабылдамайды, қарсылық білдіреді”, – делінген хабарламада.
Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 18 Ақпан, 2026 20:23