"Жүрегім қан жылап жатыр": Күйеуі 10 рет пышақтаған Әл-Бейненің әкесі сотталушыға қатаң жаза тағайындауды сұрады (видео)
13 қыркүйекте Алматыда күйеуі 10 рет пышақ сұғып өлтірген Әл-Бейне Зарипованың өлімі бойынша кезекті сот отырысы өтті. Сотта марқұмның інісі мен әкесі, көршілері куәлік берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
31 қаңтарда 43 жастағы Әл-Бейне Зарипованың мәйіті үйдің жертөлесінен табылды. Іс-материалдары бойынша, оның 15 жыл некеде болған күйеуі Сабыржан Зарипов оған 10 рет пышақ жарақатын салып өлтіріп, артынша телефонынан өз шотына 4 миллион 700 мың теңге аударып алған. Бұл ақша марқұмның інісінің компаниясына тиесілі екен.
Қазір іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы “Адам өлтіру” және 175-бабы “Ұрлық” бойынша қаралып жатыр. Осы сот отырысында ақша ұрлау дерегі бойынша жауап алынды.
Былтыр Әл-Бейне Зарипова інісі Ермек Жүсіповке логистикалық компания ашуға ұсыныс білдіріп, оған көмектескен. Інісінің компаниясында бухгалтер болып, есеп-қисап, салық бойынша құжат реттеумен айналысқан. Ермек Жүсіповтың айтуынша, компания шотына тек Зарипова қол жеткізе алатын, яғни мобильді қосымша оның телефонына тіркелген.
Фото: Stan.kz
“Сотталушы әпкемді өлтірген соң осы шоттағы ақшаны шешіп алды. Компания шотында тек 33 мың теңге қалған. Кейін мен келісімшарт бойынша әріптес компанияға 1 миллион төлеуім керек еді. Компанияда ақша қалмағасын жағалай несие алып, қарызды қарызбен жабуға тура келді. Сол себепті компания қызметін тоқтатып қойдым”, – деді ол.
“Ол – қоғамға қауіпті адам”
Әл-Бейне Зарипованың әкесі Балапан Жүсіп о баста қызының таңдауына қарсы болған екен. Сөзінше, өзі педагог-психолог болғандықтан, күйеу баласына көңілі жылымаған, психикасы тұрақсыз екенін бірден байқадым дейді. Бірақ қызының қалауына қарсы шыға алмаған.
“Мен қызымды тоқшылықта өсірдім, қолымның ұшын да тигізбей, мәпелеп жеткіздім. Жұмыс істесем де, сабақ орындасам да, қолымнан түсірмей, көтеріп өсіргем. Тіпті қиын заманда оқуын төлеу үшін оқу орнында бартермен жұмыс істедім. Өсірдім, қақтым. Не үшін? Осылай бір “оңбаған” қызымды өлтірсін деп пе?! Менің жүрегім қан жылап жатыр. Тіпті қатесін түсіріп тұрған жоқ, көзінде өкініш, ұялу сезімі байқалмайды”, – деді марқұмның әкесі.
Ол қызының тұрмыстық зорлық-зомбылық көргенін көпке дейін білмеген екен. Білсем, қызымды алып кетер едім дейді.
“Өз қызыңды қара жерге тапсыру ең қиын нәрсе екен. Оның үстіне аурудан не қауырт жағдайдан емес, аяусыз өлтірілгенін білсең, тіптен ауыр. “Аффект” деген сөз жақсы болған екен. Онда бәріміз “аффект” деп бір-бірімізді бауыздап, пышақтап, өлтірейік те, “аффект” деп сылтауратайық. Кез келген адам қанды көрсе, шошып кетеді, есін жияды. Ал бұл – нағыз айуан. Адамды сонша мазақ қылған садист, ол – қоғамға қауіпті адам. Мен Ауған соғысына қатысқан адаммын. Мен адам өлтіргендерді көрдім, бірақ ол қан көргенде, есін жоғалтады. Ал сотталушы адамды сонша бөлшектеп, жауыздықпен өлтірді. “Аффект” жағдайында адам бір ұрып немесе итеріп жіберуі мүмкін. Ал мынау нағыз қаныпезер сынды тілімдеген. Сот мұндай адамға лайықты жазасын беретініне сенімдімін”, – деді марқұмның әкесі.
Ол сотталушының мүлікке таласқан әрекетін сынға алды және өлімді де әдейі дайындалып жасады дейді.
“Бұл еркек емес. Өлтіруін өлтіріп, енді кінәсін мойындамай отыр. Тіпті сотталайын деп жатса да, ақшаны көксеп отыр. Сонша көксегенің сол болса, сені ақшаға көмуге дайынмын. Тіпті баланың болашағын ойлап та тұрған жоқ. Мүлікті ойлап, ақшаға ғана жаны ашып отыр”, – деді Балапан Жүсіп.
“Көрші әйелге қол көтерген”
Көршілері қылмыс болған күні ештеңе естімеген және көрмеген. Десе де олар сотталушының айналасына агрессия танытанын өз көзімен көріп, әйеліне қысым көрсететінінен хабардар болған.
Фото: Stan.kz
Көрші Фаина Клюшина Сабыржан Зариповпен жанжалдасып қалған екен. Сөзінше, ол ескертуді қабылдамай дөрекілік көрсетіп, айқайға басқан.
“Ол тұрғын үй маңынан жоғары жылдамдықпен жүріп өтті. Жанымызда құрылыс жүріп жатқандықтан, шаң көтерілді. Мен көлікті тоқтатып, бұлай жүруге болмайтынын ескерттім, себебі мұндай жерде балалар жүреді. Ол “рұқсат етілген жылдамдықпен жүрмін” деп қайталай берді, сөзіме құлақ асқысы келмеді. “Мен әйелмен сөйлеспеймін” деп менсінбеушілік танытты. Ескертудің арты ұрысқа, тіпті қол көтеруге ұласты. Қол нұсқап сөйлеп жатқанымда, қолымды ұстап, ұрып жіберді”, – деді көрші.
Тағы бір көрші Елена Таллокинова марқұммен жақсы араласыпты. Әл-Бейне оған сыр шертіп, күйеуі оны орынсыз қызғана беретінін, үйден шығармай, үнемі күдіктене беретінін айтқан.
“Желтоқсанда мен оның оң қолы көгеріп кеткенін көрдім. Яғни шынтақтан жоғары жағы көгеріп тұрды. Сосын ол одан әрі қарай да жарақат бар деді. Бірақ көрсетпеді. Күйеуі үнемі бақылауда ұстайтынын білемін”, – деді көршісі.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда ер адам әйелін 10 рет пышақтап, бес миллион теңгесін ұрлап, жертөлеге тастап кетті деп айыпталғанын жаздық. Жәбірленушінің жақындары күдіктінің жазадан оңай құтылып кетуінен қорқып, резонанс тудырғысы келеді.