Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ол кәсібімді тартып алғысы келеді": Қастандық көрдім деген ақтөбелік әйелдің бұрынғы күйеуі өз шындығын айтты (видео)

Бұрынғы күйеуім қастандық жасады деп Тоқаевқа үндеу жасаған ақтөбелік тұрғын Алтынгүл Төлепованың мәлімдемесінен кейін ер адам Stan.kz редакциясына шығып, өз шындығын айтты. Ахметжан Күзембаев өзіне жала жабылды дейді. Сөзінше, бұрынғы әйелі оның кәсібін тартып алғысы келгендіктен, қоғамдық дау туғызғысы келеді.

Ақтөбе тұрғыны Алтынгүл Төлепова бұрынғы күйеуінің қоқан-лоқысы мен қастандық әрекеттерінен мезі болып, өз өмірі үшін қорқатынын айтып Stan.kz редакциясына жүгінді. Сөзінше, экс-күйеуі әйелді көшеде өлтірмек болып, шабуылдаған кезде біреулер арашалап қалыпты. Сонда да ер адам жазаға тартылмады дейді. Онымен қоса, ер адам жыныстық қатынасқа түскен видеоларды жасырын түсіріп алып, оны сақтаған.

Осыдан кейін ақтөбелік Ахметжан Күзембаев байланысқа шығып, бұрынғы әйелінің мәлімдемесін жоққа шығарды.

Ахметжан Күзембаев Ақтөбедегі “ПГС-Қараторғай” кәсібін құрған. Сөзінше, 14 жыл жасаған бизнесі мен мүлкін әйелі тартып алғысы келеді. Сондай-ақ 2015 жылдан бері 54 жастағы ер адам Паркинсон ауруымен күресіп жүргенін айтады. 

Паркинсон ауруы – егде жастағы адамдарға тән неврологиялық ауру.

"Жазылмайтын дертке шалдыққан соң әйелім кәсібімді өзінің інісінің атына жаздырғысы келді. Бірақ мен келіспедім. Осы ниеті жүзеге аспаған соң қоғамдық резонанс тудырмақ болды. Үстімнен арыз жазып, изоляторға қаматқысы келді. Бірақ денсаулығыма байланысты мен изоляторда жата алмаймын, оның арты мүгедектікке, тіпті өлімге әкелуі мүмкін", – дейді ол

Ер адам әйелге шабуыл жасағанын жоққа шығарып отыр. Сөзінше, ол науқас және біреуге күш көрсетуге әлі келмейді.

“Мен әйеліме қол көтерген емеспін. Оның мақсаты – мені қаматып, жағдайымды нашарлату, артынша бизнесімді алып алу. Ол өзі мені аңдып жүр. Мен азаматтық іс бойынша бір сотты жеңіп шықтым. Енді әкімшілік іс бойынша апелляциялық сот болады”, – деді ер адам.

Алайда порнографиялық видеоларды сақтауға қатысты пікір білдірмеді. Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 147-бабы “Жеке өмірге қол сұғылмаушылықты және дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу” бойынша қылмыстық істің тергеуі жүріп жатыр.

12 қыркүйекте Әкімшілік кодекстің 73-1-бабы “Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру” бойынша апелляциялық сот отырысы өтеді.

Талқылау