"Балам жақсы адам": Мәжілісмен Дәулет Тұрлыханов тағы да дауға қалған ұлына қатысты пікір білдірді
Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов шартты түрде бас бостандығынан айырылған ұлына қатысты дауға пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: instagram.com/daulet_bolatuly_turlykhanov/
Мәжіліс отырысының алдында журналистер депутаттан ұлының неге даулы оқиғаға тап бола беретінін сұрады. Сөзінше, ұлы сол күні туған күнге барған. Оның үстіне ұлына заң бұзуға болмайтынын айтып, үнемі сөйлесіп отыратынын жеткізді.
"Яғни, ұлыңыз тыңдамай жүр ме?", – деп сұрады журналист.
Депутат ұлын тәрбиелі бала деп есептейді. Сондай-ақ ұлының артынан аңдитындар болуы мүмкін дейді.
"Солай шығар... Айтайын дегенім, қай әке баласын жаман болсын деп тәрбиелейді?.. Қолдан келгенше тәрбие бердік, ақылымды айтып жүрдім. Бала бірақ жақсы, жақсы бала. Бірақ мен үшін бе, білмеймін, баланың артынан аңду бар. Әйтпесе 21-дегі бала. Ертең ол бала жүйкесі тозып, ауру болып кетуі мүмкін. Оған кім жауапты? Айтайын дегенім, балам өте жақсы бала, тәрбиелі. Бүгінде оның артынан аңдып енді... Туған күнге баруға болмай ма? Өзінің жасындағы достарымен араласуға болмай ма? Сол жағы да мені қатты ойландырады", – деді ол.
Депутат ұлының басындағы дау оның депутаттық мандатына әсер етпеуі керек деп есептейтінін жеткізді.
"Мен бірмандаттық округтен сайландым. Мандатымды тапсырамын ба, жоқ па, оны сайлаушыларым ғана шеше алады. Бүгінде мен ел азаматы ретінде еліміздің болашағы үшін өте абыроймен жұмыс істеп жатырмын. Менің жұмысыма әріптестерімнен ешқандай сұрақ жоқ", – деді Дәулет Тұрлыханов.
Оның үстіне депутат баласының әрекеттері бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауға негіз бола алмайды дейді.
"21-дегі бала әлі. Енді қалай айтуға болады? Өмірді әлі көрмеген бала. Оны бас бостандығынан не үшін айыру керек? Сағат кешкі 20.30-да әріптестерімен отырған ғой. Ішіп отырған жоқ ол жерде. Ол бала ішпейді. Өйтіп бірден түрмеге қамасақ, онда ол дұрыс болмайды. Ол тәрбие емес", – деді депутат.
Сондай-ақ ол журналистің "Денсаулығына алаңдаймын деп отырсыз. Сонда ол өзіне қол жұмсауы мүмкін бе?" деген сұрағына "Бәрі болуы мүмкін" деп жауап берді.
"Шын айтайын. Күн сайын жазады. Телефонда бәрі жазып жатыр. Біреу жақсы айтса, біреу жаман айтып жатыр. Ол бала да ойланады. Ол балаға жаным ашып жүр. Ұйқысы жоқ", – деді мәжіліс депутаты.
Еске салайық, бұған дейін Дәулет Тұрлыхановтың сотталған ұлы Нұрасыл Болат Алматыда туған күн кешінде көзге түскен еді.