Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ол асфальтқа құлап, дұға оқып жатты": Руслан Берденовке жасалған қастандыққа қатысты куәгерлер сотта жауап берді

Фото: Руслан Берденовтың жеке парақшасынан

Шымкент қаласының вице-әкімі Руслан Берденовке жасалған қастандыққа қатысты куәгерлер сотта жауап беріп, оқиғаны өз нұсқаларында баяндады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сотталушы Ернар Жиенбай шенеунікке бес рет оқ атқан. Куәгерлер арасында Берденовке алғашқы медициналық көмек көрсеткен екі қыз және оның жүргізушісі Мейрамбек Қалымбетов бар. Куәгер Арайлым Қамытбек оқиға кезінде құрбысымен бірге әкімдік маңындағы автотұрақта TikTok-қа видео түсіріп жатқанын айтты.

"Әкімдік ғимаратынан 2-3 адам шыға бастағанда, бірден оқ атылды. Мен дереу полицияға қоңырау шалдым. Сол сәтте тағы 3-4 рет оқ атылды. Сол кезде классикалық костюм киген ер адам (Берденов) жүгіріп жүрді. Ал ана кісі (Жиенбай) оны қуып келе жатты", – деді Арайлым.

Ал Берденовтің жүргізушісі Қалымбетов сол сәтте бастығын күтіп көлікте отырған. Оқ атылғанда не болып жатқанын түсінбей қалғанын алға тартты.

"Есімді жиған соң, әлгі адамның (Жиенбай – ред.) көліктің сол жағында тұрып, оқ атып жатқанын көрдім. Көлік өздігінен жүріп барып, жиекке тоқтады. Мен шыққан кезде олар төбелесіп жатты. Қайтадан көлікке отырып, рөлді бұрып Жиенбайды соқтым. Өйткені Руслан Арысбекұлын өлтіріп қоюы мүмкін деп ойладым. Соққаннан кейін ол құлап, кейін қайтадан тұрып, қашып кетті", – деп еске алды Қалымбетов.



Жүргізуші мен қыздар Берденовтың жарақатынан қан кетуін тоқтатуға тырысқан. Берденовтың өзі сол кезде асфальтта дұға оқып жатқан. Олар галстукті қолданып, қанның тоқтауына әрекет еткен. 

Куәгерлердің бірі полиция қызметкері Жанат Айтбаев сол маңда кездейсоқ жүрген. Ол Жиенбай мен жүргізушінің алысып жатқанын көріп, оқ атқан адамды жерге жығып, тұтқындаған. Кейін оған әкімдік күзетшілері келіп көмектескен. 

STAN.KZ
Бейсенбі, 07 Тамыз, 2025 15:34
Талқылау
`