Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оқушылардың мектепте смартфон ұстауына тыйым салуға қазақстандықтардың көзқарасы қандай?

Монғолия оқушыларының сматфон ұстауына түбегейлі тыйым салынбақ. Үш жыл талқыланған бұл ереже екі аптадан соң күшіне енеді. Мұндай қатаң талапқа жуырда Франция мектептері де көшті. Осылайша, “электронды құлдықтан” құтылудың жолын бірқатар ел бастап кеткен.

Оқушылардың мектепте смартфон ұстауына тыйым салуға қазақстандықтардың көзқарасы қандай?

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

«Телефон ұстамауға келісем, біріншіден, балалар осы смартфон деп көңіл-күйлері соған қарап ауып кетеді сабаққа емес.  Екіншіден, көп уақыттарын ойынмен, өздеріне қажетті емес нәрселермен айналысып өткізеді».

«Қолдарында жай телефон болса, ұстауға болатын еді, ал смартфон, қымбат телефондар қазір көп қой ұрылар деген, солар аңдитын болады».

«Мектепте ол болу керек. Бірдеңе болса, денсаулығы немесе сыныппен басқа кабинетке көшіп кетсе, бала таба алмаса, бірден жазып, таба алады. Ол әрине керек».

Смартфон төңірегіндегі түрлі сауалдарға қатысты ата-аналар сан түрлі пікір айтады. Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, қоғам нақты шешім қабылдауға әлі дайын емес. Тіпті, Білім министрлігі де… Өйткені, ведомство ұсынған барлық бастамалар өзі оқушыларды тікелей гаджеттерге тәуелді етіп тұр. Мәселен, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы.

«Сол жобалардың нәтижесінде егер біз смартфон қолдану мен қолданбаумен салыстыратын болсақ, білім деңгейі көтерілді ме, көтерілген жоқ па, соны талдап өткіземіз өзіміз басқарма болып. Егер әрине ешқандай айырмашылық жоқ болса, онда тағы да қарастырамыз смартфон қажет пе балаларға, қажет емес пе? Қазір жобалар жүргізіліп жатыр, сол жобалардың нәтижесімен біз кейін талдау жасаймыз», – дейді қалалық білім басқармасының стратегия, талдау және цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Жазира Асанова.

Смартфоннан бас тартуды әзірге әр мектеп өз беттерінше шешеді. Оны тәжірибе жүзінде жүзеге асырғандар да бар. Бірақ, нәтижесі болмапты. Себебі, білім сапасында ешбір алға басу байқалмаған. Содан болар, заң шығарушы органдар да бұл мәселеге келгенде белсенділік танытпай отыр.

«Ол дұрыс емес, себебі егер балалардан телефондарды алып тастаса, олар ата-аналармен қалай хабарласады? Бірақ, интернеттегі кейбір сайттарға шектеуді қою керек», – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтияр Мәкен.

Статистикаға үңілсек, смартфоннан бас тартушылар қатары артқан. Гаджеттердің сатылымы екі пайызға төмендеп, керісінше қарапайым ұялы телефондардың саудасы әлем бойынша бес пайызға көбейген. Өйткені, ересек түгілі, оған үйір баланың табиғи қарым-қатынасы шектеліп, ойлау қабілеті тежелетіндігін ғалымдар дәлелдеп отыр. Бұл аздай, көру қабілеті нашарлап, депрессияға түсуге бейім келеді. Ал сабақ барысында келтіретін зияны айтпаса да түсінікті.

«Ал енді осы смартфонмен, балабақшада смартфон арқалап ойнап өскен, жүгіріп, секіріп өспеген бала, сабақта отырып смартфон ойнап, айналасындағы балалармен қарым-қатынас жасамаған бала есейген кезде не істейді? Есейген кезде өзіне дұрыс жар да таба алмайды. Өйткені, тілдің бәрін не шектеп тастаған, смартфон шектеп тастаған. Ол тек үндемей отырып, ол тек қана түймелерді басу арқылы әрекет жасайды. Бар әрекет сонда», – дейді психолог Ғалияш Махашева.

Яғни, смартфонға үзілісте 10 минут үңілген баланың сабаққа құлшынысы болмайды. Өйткені, бір деңгейден екінші деңгейге өту  қиынға соғады. Бұл тәжірибеге бірқатар ел көз жеткізіп отыр. Алайда, АҚШ, Франция, Әзербайжан, Тәжікстан және Грекия еліндегі мұндай тыйымға көшу  біздің ел үшін әлі тым ерте көрінеді.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау