Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оқушылары олимпиада жүлдегері атанған мұғалімдер ғылыми жоба мен халықаралық жарыстардың маңызын айтып берді

Оқушылары олимпиада жүлдегері атанған мұғалімдер ғылыми жоба мен халықаралық жарыстардың маңызын айтып бердіГүль Муаммер оқушыларымен, фото жеке архивінен

Оқушыларын халықаралық білім жарыстарына дайындап жүрген қазақстандық мұғалімдер мұндай дәстүрдің жастарға ғана емес, мектеп ұстаздарына да пайдасы көп екенін айтты. Мамандар кәсіби түрде жетіледі, ал оқушылар мектептің беделін көтеріп, басқа сыныптастарына үлгі болады дейді олар. Қазақстандық мұғалімдер Stan.kz ақпарат агенттігіне ғылыми жоба мен халықаралық жарыстардың маңызын айтып берді.

“Оқушым екі жылдық жұмыстың нәтижесінде өзін жақсы жақтарынан көрсете білді”

Алматы облысы, Алатау қаласы, Қоянқұс ықшамауданындағы №14 орта мектептің педагог-зерттеуші санатындағы ұстазы, математика пәнінің мұғалімі Ботакөз Тұрлыбаеваның оқушысы Бекмахамбет Какишев Дарын ғылыми жобасы аясында қалада 1-орын, облыста 1-орын, республикада 3-орын алған. Сонымен қатар Халықаралық “Ғылым әлемін ашамыз”атты конкурстан 3-орын алып келді. Оқушыларды олимпиадаға 10 жылға жуық дайындаған мұғалім ғылыммен айналысқан ұнайды дейді. Ботакөз Тұрлыбаева бізге олимпиаданың маңызы туралы айтып берді.

"Халықаралық ғылыми жобаның маңызы – оқушы өзін басқа қырынан аша алады. Өйткені алған білімін тәжірибе жүзінде көрсетуге болады және онымен бөлісе алады. Ал мұғалім үшін баланы олимпиадаға дайындау – оның жан-жақты қырларын ашу мүмкіндігі. Мысалы, мен дайындаған бала өте зерек, ақылды болды. Бірақ көпшілік алдында сөйлеуге, өзін көрсетуге ұялатын. Екі жылдық жұмыстың нәтижесінде өзін жақсы жақтарынан көрсете білді. Мұндай жарыстар болашақта балаларға ортасында еркін сөйлеуге, яғни ораторлық қасиетін дамытуға, дұрыс сұрақ қоюға, адамдармен жақсы қарым-қатынас жасауға көмектеседі. Кейінгі екі жылда оқушым Бекмахамбет Какишевпен жұмыс істеп, біраз жетістіктерге жеттік. Ол қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық конкурстардың жүлдегері атанды. Бекмахамбет жұмыс барысында обсерваторияға барды, ғалымдармен кездесіп пікір алмасты, көптеген есептеулер жүргізді, тестке дайындалды. Мұндай жетістікке жету үшін күн-түн демей ұзақ қажырлы еңбек еттік", – дейді мұғалім Ботакөз Тұрлыбаева.

Ботакөз Тұрлыбаева оқушыларымен, фото жеке архивінен

Бүгінде мұғалім Облыстағы дарынды балалар қозғалысына қосқан елеулі үлесі мен нәтижелі еңбегі үшін марапатталды. Болашақта тағы да дарынды оқушыларды жан-жақты дамытып, тоқтамай жұмыс істеуді мақсат тұтып отыр мұғалім.

“Мұғалімдер үшін олимпиадаға дайындау өз білімін тереңдетудің бір жолы”

Математика мұғалімі және олимпиада координаторы Гүль Муаммер де олимпиада мұғалімдер үшін өз білімін тереңдетуге жақсы мүмкіндік дейді. Мұғалімнің бірнеше оқушысы математикадан халықаралық жарыстарға барып, жүлдемен қайтқан.

"Мұғалімдер үшін олимпиадаға дайындау өз білімін тереңдетудің, әдістемесін жетілдірудің және үздік оқушылармен бірге даму мүмкіндігінің бір жолы. Бұл – тек оқыту емес, бірге зерттеу мен бағыт көрсету процесі. Оқушылар сабақтан тыс, таңнан кешке дейін дайындалады. Өйткені олар бұл істі жақсы көреді. Олимпиадада биік нәтижеге жету үшін пәнге деген шынайы қызығушылық қажет. Биыл бірнеше оқушымыз ұлттық және халықаралық деңгейде жеңіске жетті. Ерасыл Алтынбек Халықаралық математика олимпиадасынан қола медаль жеңіп алды. Ануар Ағыбаев пен Александр Олейников биыл JBMO-да (Жасөспірімдер Балқан олимпиадасы) жүлделі орындарға ие болды. Бұл олимпиадаларға қатысу үшін оқушы өз еліндегі ең үздік 6 математиктің қатарына кіруге тиіс", – дейді олимпиада координаторы Гүль Муаммер.

Ол олимпиадаларды Қазақстан үшін ұлттық бедел мен болашақ ғылыми әлеуеттің көрсеткіші деп сипаттады. Сөзінше, кейбір компаниялар мен ғылыми ұйымдар да олимпиада жүлдегерлеріне жұмысқа қабылдағанда артықшылық береді.

Оқушылары олимпиада жүлдегері атанған мұғалімдер ғылыми жоба мен халықаралық жарыстардың маңызын айтып бердіГүль Муаммер оқушыларымен, фото жеке архивінен

"Халықаралық олимпиадалар – елдер арасындағы зияткерлік жарыс. Бұл жарыстарда мемлекеттер өздерінің ең дарынды оқушыларын шығарып, білім беру жүйесінің деңгейін көрсетеді. Қазақстан үшін бұл ұлттық бедел мен болашақ ғылыми әлеуеттің көрсеткіші. Олимпиада – бұл тек жарыс емес, болашаққа инвестиция. Мұндай жетістіктер оқушыларға әлемдік үздік университеттерге жол ашады. Көптеген жоғары оқу орындары олимпиадалардың күрделілігін жақсы түсінеді және оларды қабылдау кезінде маңызды фактор ретінде қарайды. Кейбір халықаралық компаниялар мен ғылыми ұйымдар да олимпиада жүлдегерлерін жұмысқа қабылдауда артықшылық береді, себебі олар логикалық ойлау мен жоғары деңгейдегі аналитикалық қабілетке ие", – деп пікір білдірді Математика мұғалімі және олимпиада координаторы Гүль Муаммер.

Еңлік Сақтан
Жексенбі, 20 Шілде, 2025 09:10