Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Оқушылардың арманы қолжетімді бола түспек": Nazarbayev University оқуға қабылдау талаптарын жеңілдетті

Nazarbayev University оқуға қабылдау талаптарына өзгеріс енгізгенін мәлімдеді. Университет қабырғасында өткен баспасөз брифингінде оқу орнының басшылығы талаптардың жеңілдеп, білім беру бағдарламалары аясының кеңейгенін атап өтті. Олардың сөзінше, оқуға қабылдау талаптарының жеңілдеуі білімді жастардың елдегі ең үздік университетте білім алуына жол ашады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

НУ

Фото: Stan.kz/Григорий Белый

Негізгі өзгерістер қатарында ақылы негізде оқуға түсу талаптарының жеңілдетілгенін айтуға болады. Кей оқу бағдарламаларына түсу үшін талапкерге мотивациялық хат жазу қажет емес. Мәселен, ақылы негізде университетке дейінгі дайындық бағдарламасына (Foundation) түсу үшін ағылшын тліндегі ҰБТ-ның ең төменгі нәтижесі – 75 балл немеcе GPA 3.5/5.0 болса жеткілікті. Университет алғаш рет ақылы негізде оқуға түскісі келетіндерден ҰБТ нәтижелерін қабылдайды. IELTS (5.5), TOEFL IBT (46) нәтижелеріне қойылатынең төменгі талаптар жаңарды. Foundation мектеп түлектеріне жоғары оқу орындарына түсер алдында математика, академиялық ағылшын және басқа да пәндер бойынша білімдерін жетілдіруге көмектеседі.

NU-дың бакалавриат деңгейіндегі бағдарламалары үшін IELTS (6.0), TOEFL iBT (60) қабылданады. Ақылы негізде оқуға түсушілердің IELTS немесе TOEFL емтихандарынан басқа, GPA 4.0/5.0 және/немесе ағылшын тіліндегі ҰБТ нәтижесі 85 балл болуы керек.

НУ

Фото: Асель Увалиева

Nazarbayev University вице-президенті Асель Увалиева аталған өзгерістерді енгізу барысында әлемдегі үздік университеттердің тәжірибесі сараланғанын атап өтті. 

“Британ "Russell Group" лигасына енетін университеттерде IELTS нәтижесіне қойылатын талап біздікінен төмен екенін білдік. Сондықтан Қазақстандағы үздік университетте оқуды қолжетімді ету үшін бұл талапты жеңілдеттік. Оның үстіне кей оқушылар үшін біздің жоғарғы оқу орнында білім алу арманға айналған. Талаптарды жеңілдету арқылы бұл арманды қолжетімді етуді жөн көрдік. Себебі талантты оқушылар шетелге кетпей, өз елімізде оқыса дейміз", – деп түсіндірді Асель Увалиева. 

НУ

Фото: Stan.kz/Григорий Белый

Сонымен қатар биыл NU ақылы негізде оқуға түскісі келетіндер үшін көктемгі семестрде де құжат тапсыру мүмкіндігін енгізіп отыр. Сәйкесінше мектепті аяқтап, бірақ құжаттарын уақытылы тапсырып үлгермеген немесе басқа университеттен ауысып келгісі келетіндер өтініш бере алады. Өтініштерді қабылдау 29 қарашада аяқталады. Ал сабақтар 2025 жылдың қаңтарынан басталады екен. 

"Көктемгі семестрге құжат тапсырып, оқуға қабылданған студенттер 3,5 жылда оқуды аяқтап шыға алады. Ал бірінші семестрдегі оқу бағдарламасын қатар алып оқи алады. Студенттерден сұрап көргенде, олар уақытты жоғалтпау үшін бірінші семестрдің пәндерін өзге семестрде оқуды жөн көретіндерін айтты", – деп түсіндірді Студенттерді қабылдау департаментінің бас менеджері Мадина Байжігітова. 

НУ

Фото: Мадина Байжігітова, Stan.kz/Григорий Белый

Nazarbayev University-де медицина мектебінде 4+2 жүйесі бойынша 6 жылдық бағдарлама енгізілген. Студенттер 8 жылдың орнына 6 жылда медицина мектебін аяқтап шыға алады. Ал жоғары бизнес мектебі алғаш рет бизнесті басқару бойынша бакалавриат бағдарламасына құжат қабылдап бастаған. 

Бұдан бөлек жоғары мемлекеттік саясат мектебі онлайн-магистратура бағдарламасын іске қосты. 

Nazarbayev University вице-президенті Қадиша Дайырова оқу орнында білім беру сапасын әрі қарай да жақсартылатынын жеткізді. Оның сөзінше, енгізілген өзгерістердің арқасында білімді де талантты жастар елдегі бірінші халықаралық ғылыми университетте оқуға көбірек мүмкіндік алады. 

НУ

Фото: Қадиша Дайырова, Stan.kz/Григорий Белый

"Университет ашылғалы 14 жылдың ішінде көптеген өзгерістер орын алды және ол солай болуы керек. Біздің дипломымыз керемет еңбек мансабын құруға жол ашады. Студенттерді қабылдау талабын жеңілдету білім беру сапасына еш әсерін тигізбейді. Керісінше, білім сапасын жақсартамыз. Айта кетері, біздің университетті аяқтап шыққан студенттер Кембридж, Стэнфорд, Массачусетс технология институты секілді әлемге белгілі білім ордаларында оқуын жалғастырды. Сондай-ақ халықаралық компанияларды қызмет етуде. Бұдан өзге "Самұрық-Қазына", Ұлттық банк секілді ұйымдарда да біздің түлектер жұмыс істейтінін атап өткім келеді. Қазіргі таңда NU жоғарғы білім жүйесіне де өз үлесін қосып келеді. Мәселен, 4 университеттің ректоры біздің түлектеріміз. Олардан бөлек декандар мен проректорлар да жеткілікті", – деп қосты Қадиша Дайырова. 

Nazarbayev University Орталық Азиядағы университеттер қатарында бірінші, ТМД аумағындағы университеттер рейтингінде бесінші орында тұр. Сондай-ақ әлемнің ең жас университеттері қатарында 106-орынға тұрақтаса, Азия университеттерінің ішінде 129-орында екен. 

NU-да бүгінде 7,5 мың студент білім алады. Олардың ішінде 38 елден келген шетелдік студенттер де бар. Орталық Азияның үздік университетінде білім алғысы келетіндер толық ақпаратты университет сайтынан біле алады. 

Талқылау