Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жасы үлкендер кішілерді үйінде күтіп отырады": 75 жастағы қазақстандық әже "Көрісу" күнін қалай тойлайтынын айтып берді

75 жастағы ақтөбелік ана Алтын Нұрлина үшін "Көрісу" күні ерекше мереке. Егде жастағы ана қазір қазақ боламыз деп ескі салт-дәстүрлер жаңғырып жатқанына қуанады. Зейнет жасындағы әйел осы уақытқа дейін түйе, ешкі сауып, шаруашылықтан қол үзбеген ана қазақтың жанына жақын мереке туралы айтып берді. 

Фото: Stan.kz

Алтын Нұрлина "Көрісу" күнін ерекше асыға күтетінін атап өтті. Оның айтуынша, бұрын бұл мереке Наурыздың бір бөлігі ретінде тойланып, қыз-келіншектер мерекеге арнайы киініп, балалар тәттіге қуанып жүретін. Қазіргі заманда ұлттық дәстүрлердің жаңғырып жатқанына қуанатынын жеткізді.

“Батыс өңірде ертеден аталып өтетін Амал мерекесі барлық жерде тойлана бермейді. Десе де, көшпелі қазақ даласындағы амандық білісу дәстүрін үзбей тойлап жүргендер аз емес. Бұл күнді Көрісу күні, Амал мерекесі деп те атайды. Адамдар осы күні бұрынғы өкпе-ренішін кешіріп, бір-біріне амандық тілейді. Жасы кішілер үлкендердің үйіне барып көріседі. Көршіден, үлкен бауырдан бастайды. Қазақтың ертеден бар "үлкенді сыйлау" деген салты осындай мерекеден басталса керек. Үлкендер де сыйлығын дайындап отырады. Біздің бала кезімізде Наурыз – жалғыз мереке еді. Қыз-келіншек сыланып, аналарымыз кимешегін шығарып, бала біткен тәтті жеймін деп мәз болатын. Қазір мереке көп. Молшылық заман. Қалаған жеріне қыдырып жүре береді. Амал мерекесін асыға күтетінбіз. Бұл мерекені Наурызға дейін тойлаймыз. Тума-туыс, көрші қолаңды аралап мәз-мейрам боламыз. Әр үйде көже пісіп жатады. Қазақ қыздары наурызда сәукеле киіп шыққан деп жатады. Енді ол дәулетті отбасыларда шығар. Мен көрген көрініс қыздар мерекеде екі бұрымын өріп, қызыл орамалдарын тағып шығатын. Ол кездің тәттісі – бауырсақ. Балалардың қолына ұстатады. Соған мәз боласың. Қазіргі балалар "торт бар ма?" деп сұрайды. Қазір қазақ боламыз деп ескі салт-дәстүрлер жаңғырып жатыр. Ұлттық киіміміз, ұлттық дәмдеріміз жиі дайындалады. Ескіміз жаңарып жатқандай қуанасың”, – деді кейіпкеріміз.

Өмір бойы шаруашылықпен айналысқан ана түйе, бие, ешкі сауып, сүтін сатып, табыс тапқан. Жолдасы ерте қайтыс болған соң да мал ұстауды жалғастырып, балаларымен бірге қалаға көшкеннен кейін де түйе асыраған. 74 жасқа дейін күн сайын 10-15 түйе сауып, 40-50 литр сүт өндірген.

Фото: Stan.kz

“Бұрын басқа кезде малдың соңында жүргендіктен айналаға қарауға шама жоқ. Шешемнің түйе сауғанын көріп өстім. Соның арқасында аузымыздан ақ үзілмеді. Ауылда өзіміз тұрған кезімізде де түйе ұстадық. Жолдасымды бір совхоздан екіншісіне ауыстыра берген соң малды саттық. Бірақ қалаға келген соң балаларға қолқалап, мал алдырттым. 2011 жылдан бастап қаланың шетінде түйе, бие, ешкі саудым. Сүтті сатып, ақша қылдық. Жұмысшы ұстадық. 74 жасқа жеткенше түйе саудым. Түйені қимаймын. Ерекше мал. Бір күнде 10-15 түйе саудым. Күніге 40-50 литр сүт алып, базарға саттық. Жаздай таза сүттің ақшасы 1 миллион теңгеге дейін барады. Жаңа туған түйе үйдің қасынан кетпейді. Үйдің айналасына жайылып, келіп тұрады", – деді әже.

Оның айтуынша, түйе ерекше мал, күтімі мен сауудың өз ерекшеліктері бар. Қазақтың мал шаруашылығына деген көзқарасын өзгертіп, бұл кәсіпті жандандыру қажет екенін атап өтті.

"Күніне үш сағат сайын, әлсін-әлсін сауасың. Бір-екі айдан соң үш мезгіл сауасың. Бір өркешті түйенің сүті сұйық, бірақ бір сауғанда 3-4 литр сүт аласың. Екі өркешті қазақы түйелердің сүті қою, бірақ аз береді. 1,5 литр. Түйе сауу оңай. Үш минутта сауып шығасың. Икемін білсең болды. Ботаны жіберіп тұрады. Иіген кезде екі емшегін сауып аласың. Екі емшек ботаға қалады. Қазақтың қай малы да берекелі, табысты. Тек қазір мал ұстаудың ебін білетіндер аз. Шаруашылықты дамытсақ, ел де дамиды”, –деді Алтын Нұрлина.


Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық – Мемлекет басшысы


 

Еске салайық, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Амал күнімен құттықтады. Тоқаев әз-Наурыздың басы – 14 наурызда халқына тілек жолдады. Сөзінше, қазір Наурыз мейрамы алдындағы көрісу ғұрпы қайта жаңғырып, жалпыұлттық сипат ала бастады. Ол бірегей дәстүр еліміздің ырысты ынтымағы мен берекелі бірлігін нығайта түседі деп үміттенеді.

Талқылау