ОҚО-да студенттер мектеп ауласында алаңсыз тұрған оқушыларды пышақтап кетті
Оңтүстік Қазақстан облысында колледж студенттері мектеп оқушыларын пышақтап тастады. Төбелес салдарынан 17 жастағы екі оқушы ауыр дене жарақатымен ауруханаға түскен. Дәрігерлер екі күн бойы жансақтау бөлімшесінде ес-түссіз жатқан жәбірленушінің бірінің көкбауырын жарамсыз деп кесіп алып тастапты.
Қазір қос науқасты ата-анасы күндіз-түні ауруханада күзетіп отыр. Ал, күдіктілердің бірі ұсталғанымен, қалғандары бостандықта тайраңдап жүрген көрінеді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Оқыс оқиға Ордабасы ауданы Бірлік ауылында болған. Ел-жұрт Ұлыстың ұлы күні «Наурыз» мерекесін тойлап жатқанда көрші Жамбыл ауылының жігіттері шараға шақырусыз келіпті. Үш жеңіл машинасынан түскен күдіктілер бірден сол ауылдың жоғары сынып оқушыларына мерекелік дастарханға неге шақырмайсыңдар деп тиіскен көрінеді.
«Көрші ауылдың балалары машинасымен келді. Бөтен балалар бірден машинадан түсіп, жүгіріп пышақ ұрып кетті ғой бізге» – дейді жәбірленуші Оспан Қасым.
Өлім аузынан аман қалған жасөспірімнің бірі Әбілдәбек Рахматулланың ұлы екен. Ауылдағы мектепте 11-сынып оқитын перзенті сол күні алтыбақан тербетіп тұрған. Ойда-жоқта сау етіп келген жігіттің бірі оның бір бүйіріне пышақ сұғып, қашып кеткен.
«Алтыбақандар кішкентай балаларды ойнатып отырғанмын, біреулердің айқайлағанын естідім, қарағаным сол еді, пышақ тығып алды» – дейді жәбірленуші Жүзжан Нұрәлі.
Бірақ, күдіктілер алысқа ұзай қоймады. Ауыл тұрғындары екі көлікті адамдарымен бірге ұстағанымен, үшіншісін қолға түсіре алмапты. Әбілдәбек Рахматуланның ұлына дене жарақатын салған сезікті қызыл машинаға отырып, оқиға орнынан бой тасалаған. Тәртіп сақшылары оны әлі күнге ұстай алмай жатқан көрінеді.
«Мен ана балаларға жаным ашып жүрсе, менің баламды пышақтап тастаған екен. Сол бүйірінен ұрған екен. Тяжелой болып барды, аяқ жағында сандырақтай бастады өзі. Операция жасап, баламның көкбауырын алып тастады» – дейді жәбірленушінің әкесі Әбілдәбек Рахматулла.
Пышақ жарақатынан зардап шеккен екі оқушы сол күні Темірлан ауылындағы ауруханаға жеткізілген. Шұғыл ота жасалғанымен, екі күн ес-түссіз жансақтау бөлімшесінде жатты дейді шағымданушы. Қазір, екеуінің де беті бері қараған. Бірақ, ата-анасы күзетіп отыр. Жалғыз қалдыруға қорқады.
Осы күні мектеп оқушыларына пышақ ұрған деген күдікпен бір жігіт ұсталды. Ол өз кінәсін мойындаған. Қазір тергеу жүріп жатыр. Бір айға созылады. Содан кейін, іс материалы сотқа өткізіледі. Айтпақшы, күдіктіден айғақты зат алыныпты.
Бұл жағдай ауыл түгілі, ауданның шенеуніктерін аяқтарынан тік тұрғызды. Қос елді мекеннің бетке ұстар азаматтары мен ақжағалылар жексенбі күні бас қосып шұғыл жиын өткізді. Қазір, сараптама тағайындалып, қылмыстық іс қозғалыпты.
«Бадам елдімекенінің тұрғыны келіп шақырған, қонаққа наурызға. Наурыздың соңында неге амандаспайсың деп балалардың арасында ерегістің аяғында бұзылық орын алған. Ол бойынша қазір ҚР ҚК 293 бабымен 3-тармағымен қылмыстық іс қозғалған қазір. Тергеу амалдары жүруде. Бірақ, ол бала қазір бізде қамалған жоқ» – дейді Ордабасы аудандық жергілікті полиция қызметінің басшысы Нұрлан Мұратов.
Дегенмен, күдіктінің бірі ұсталғанымен, екіншісі қолға түспепті. Оны іздеу шаралары жалғасып жатыр.
Тағы оқыңыз:
Талдықорғанда 11-сынып оқушысы анасын өлтірді деген күдікпен ұсталды
Алматыда 7 балдық жер сілкінісі болатыны туралы хабарлама тарап кетті