ОҚО-да 4 қыз букмекерлік кеңсеге шабуыл жасады
17 қазан күні түнде Отырар аудандық полиция бөлімшесіне Шәуілдірдегі букмекерлік кеңселердің біріне шабуыл жасалғаны туралы хабар келіп түседі. Бұл туралы Stan.kz облыстық ІІД баспасөз қызметі ақпаратына сүйене отырып хабарлайды.
Оқиға орынына келген полиция қызметкерлері сағат 23.30 шамасында бетперде киген үш белгісіз қыздың букмекерлік кеңсеге басып кіріп, қызметкерлерді пышақпен қорқытып, кассадан 350 мың теңге көлемінде ақшаны алып кеткені анықталады.
Алайда букмекерлік орталықта орнатылған бейнебақылау камерасы болған қылмысты толықтай таспаға басып алғанының арқасында күдіктілердің ізіне түсу ісі біршама жеңілдейді.
Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары 1987, 1990, 1991 және 1998 жылы туған Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындарын қолға түсіреді. Дәлел ретінде олардан 30 мың теңгеден астам ақша тәркіленген. Аталған дерек Отырар аудандық полиция бөлімшесінің ортақ реестріне тіркелді.
Қазіргі таңда ҚР ҚК 192 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып отыр. Сотқа дейінгі тексеру жұмыстары басталып кетті.