"Оклахома-Сити" тарихында алғаш рет НБА чемпионы атанды
Фото: Associated Press/LaPresse (APS)
"Оклахома-Сити Тандер" баскетбол клубы тарихи жетістікке қол жеткізді, команда алғаш рет Ұлттық баскетбол қауымдастығының (НБА) чемпионы атанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Плей-офф кезеңінің шешуші сериясында "Тандер" қарсыласын жеңіп, 2024/25 жылғы маусымның НБА финалында жеңіске жетті. Бұл табыс 2008 жылы Сиэтлден көшіп келген франшизаның тарихындағы маңызды белеске айналды.
Атап айтқанда, шешуші жетінші ойында "Оклахома-Сити" "Индиана Пэйсерс" клубын 103:91 есебімен жеңіп, серияда 4:3 есебімен басым түсті. Матчтың басты оқиғасына "Пэйсерс" командасының жетекші ойыншысы Тайрис Халибертонның екінші таймда ахилл сіңірін үзіп алған ауыр жарақаты айналды. Бұл жағдай Индиананың ойынын әлсіретіп, шешуші сәтте командаға кері әсерін тигізді.
Финал сериясында "Оклахома-Сити" шабуылшысы Шэй Гилджес-Александр (SGA) ерекше көзге түсті. Жетінші ойында ол 29 ұпай жинап, 12 нәтижелі пас беріп, НБА финалының ең құнды ойыншысы (MVP) атанды.
Финал қорытындысы бойынша, ол орта есеппен 30,3 ұпай, 5,6 пас, 1,9 допты қағып алу және 1,6 блоктық әрекет жасады. Осы көрсеткіштердің арқасында Шэй Finals MVP атағына лайық деп танылды.
Бұдан бөлек, Шэй Гилджес-Александр тұрақты маусымда да үздік нәтиже көрсетті. Ол бір ойында орта есеппен 32,7 ұпай жинап, маусымның ең үздік ойыншысы (Regular Season MVP) атанды.

"Аузымыз ашылып қалды": Қазақстандық компания өзінің 110 қызметкеріне Вьетнамға жолдама сыйлап, көпшілікті тәнті етті
